Қазақстандықтарға білім беру интернет-ресурстарын тегін пайдалану ұсынылады

Қазақстандықтарға білім беру интернет-ресурстарын тегін пайдалану ұсынылады

Төтенше жағдай кезінде білім беру сайттарын, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсететін интернет-ресурстарды пайдалану тегін болады.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Білім және ғылым министрлігі мен елдің ірі байланыс операторлары осындай ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

Жақын арада байланыс операторлары азаматтардың келісілген тізбедегі  ресурстарды тегін пайдалануына мүмкіндік беру үшін қолданыстағы тариф жоспарларына өзгеріс енгізіп, жаңа тариф жоспарын әзірлейді. Яғни, көрсетілген сайттарды пайдаланғаны үшін байланыс операторлары азаматтардың тариф бірлігінен қолданылған мегабайт (трафикті) үшін қаражат шегермейді. Бұл шара төтенше жағдайда ЖОО мен колледждердің қашықтан оқытуға көшуі мен Халыққа қызмет көрсету орталықтарының күн тәртібін қайта ұйымдастыру кезеңінде ерекше маңызға ие.

Осылайша, Білім және ғылым министрлігі ұсынған 24 білім беру ресурсына қазақстандықтардың тегін қол жеткізуі қамтамасыз етілмек. Тізімдегі интернет-ресурстардың қатары болашақта толықтырылады. Сондай-ақ, электрондық үкіметтің www.egov.kz порталынан және «eGov mobile» қосымшасынан  мемлекеттік қызметтерді алу кезінде интернет-трафик есептелмейді.

Ұсынылған ресурстарды пайдалану үшін абоненттің шотында ақша  болуы керек. Білім беру ресурстарын тегін пайдалануға рұқсат етілгені туралы ақпарат байланыс операторларының сайттарында орналастырылады.

Меморандумға Цифрлық даму вице-министрі Дарын Тұяқов, Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари, сондай-ақ "Қазақтелеком" АҚ, "Транстелеком" АҚ, "Кар-Тел" ЖШС, "Кселл" АҚ, "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС, "Astel"АҚ басшылығы қол қойды.