
"Цифрлық Қазақстан" бағдарламасының орындалу барысы Үкімет отырысында талқыланды. Еліміздің Премьер-министрі Асқар Мамин ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің баяндамасын тыңдады. Асқар Жұмағалиевтің айтуынша, биыл мемлекеттік органдар алдында тұрған басты міндеттердің бірі – өздерінің деректер базасын интеграциялау.
Қазақстанның мемлекеттік органдары өздерінің деректер базасын интеграциялау процесін жеделдетуі қажет. Үкімет отырысында бірқатар министрліктердің өз деректер базасын белгіленген мерзімде интеграцияламағаны айтылды. Олардың қатарында Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Қорғаныс, Ұлттық экономика, Ішкі істер және Денсаулық сақтау министрліктері бар. Осыған орай, ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин 2019 жылға жоспарланған интеграцияны осы жылдың 1 наурызына дейін аяқтауды тапсырды.
Асқар Жұмағалиев "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасының орындалу барысы туралы айта келе, соңғы 2 жылда 481 ауылдың жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылғанын да айтып өтті. 2020 жылдың соңына дейін талшықты-оптикалық байланыс желілері тағы 880 ауылға жеткізіледі. Осылайша, интернетті үй желісіне қосу деңгейі 84%-ға жетпек.
Цифрлық Қазақстан бағдарламасы бойынша жүргізілген жұмыс нәтижесінде қазақстандықтар бүгінде мемлекеттік қызметтердің 80%-дан астамын, яғни 580 мемлекеттік қызметті үйде немесе жұмыс орнында отырып-ақ, онлайн алуына болады. 2020 жылы автоматтандырылған мемлекеттік қызметтердің санын 90%-ға жеткізу көзделуде. Асқар Жұмағалиевтің айтуынша, өткен жылы қағаз құжатайналымы 70 млн. құжатқа қысқарып, құжаттар пакеті 30%-ға азайды (6-дан 4 құжатқа дейін), ал мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі орташа есеппен 3 есеге қысқарды (31-ден 10 күнге дейін).
Министр "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасын іске асыруға соңғы екі жылда бюджеттен 35 млрд. теңге бөлінгенін, оның экономикалық тиімділігі 803 млрд. теңгеге жеткенін айтып өтті.
Мысалы, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету саласын цифрландыру есебінен шамамен 23 млрд.теңге, әлеуметтік-еңбек саласында -1,5 млрд. теңге бюджет қаражаты үнемделген. 523 мыңнан астам адам электрондық еңбек биржасының көмегімен жұмысқа орналасқан. Банк жүйелерін eGov порталымен интеграциялау есебінен салық төлемдері 1,8 есеге артса, барлық кедендік декларациялардың 81% 1 минуттың ішінде берілуде.
