«Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесі туралы ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
- Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті (бұдан әрі – Комитет) Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) іске асырушылық және бақылау функцияларын жүзеге асыратын, сондай-ақ байланыс және ақпараттандыру саласындағы реттеушілік және стратегиялық функцияларын орындауға қатысатын Министрліктің ведомствосы болып табылады.
- Комитет өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
- Комитет республикалық мемлекеттік мекеменің ұйымдастырушылық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оқшауланған мүлкі, мемлекеттік тілде өз атауы жазылған мөрі мен мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері бар.
- Комитет өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түседi.
- Комитет егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
- Комитет өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Комитет төрағасының бұйрығымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
- Комитеттің құрылымы мен штат саны Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бекітіледі.
- Комитеттің орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 010000, Нұр-Сұлтан қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік Ел даңғылы, 8-үй, «Министрліктер үйі» әкімшілік ғимараты, 16 Б кіреберіс.
- Комитеттің толық атауы – «Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті» республикалық мемлекеттiк мекемесi.
- Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.
- Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
- Комитетке кәсiпкерлiк субъектiлерiмен Комитеттің функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Комитетке заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.