Тұрғындардың депутаттар мен ауылдық округ әкімдерін сайлау арқылы жанама түрде шешім қабылдауға, өз мүдделерін білдіруге қатысуы мемлекет басқарудағы маңызды мәселенің негізі болып табылады. Азаматтық қоғам елдегі саяси жаңғыру мен сайлау жүйесіндегі жаңашылдықты біліп әрі зерделеп отыруы қажет.
Сондықтан БҚО аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері аудандардың жұртшылығына жүйедегі реформаларды түсіндіріп, пікір алмасуды күнделікті қызметтің басты мақсаты санап отыр. Тасқала ауданында өткен кездесуге аудандық мәслихат, аудандық қоғамдық кеңес, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдері қатысты.
Кездесуде Әділ Жоламанов елдегі сайлау стандарттарының біріздендіру барысы мен жүйені жаңғырту процестерінің негізгі бағыттарын айтып берді. Әсіресе, сайлау жүйесіндегі өзгерістердің сапасы мен азаматтық белсенділіктің артуы бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. «Біздің күнделікті қызметімізде тұрғындардың әрбір пікірі мен ұсынысы құнды» деген БҚО АСК төрағасы ашық диалогтың екі жаққа да пайдалы екенін ескертті.
Тасқала аудандық мәслихатының төрағасы Жанар Бисенғалиева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Балыков, «Amanat» партиясы Тасқала аудандық филиалының төрағасы Люция Жұбанышқалиева, еңбек ардагерлері Мақсат Залиев, Асқар Нұрмақов, Тасқала аудандық АСК төрағасы Динара Баишевалар электоратпен жұмысты жетілдіру туралы ойларын білдірді. Соның ішінде облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының күнделікті қызметі, учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің біліктілігі мен жауапкершілігін арттыру, әкім лауазымына кандидаттарды іріктеу мен ұсыну тәртібі тәрізді тақырыптар сөз болды.
Кездесуден соң БҚО АСК төрағасы 2 маусымға тағайындалған Достық ауылдық округі әкімінің сайлауына әзірлік барысымен танысып, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерімен жүздесті.