А.ж. 16 мамыр күні өткен аудандық мәслихаттың бірлескен тұрақты комиссия отырысында күн тәртібінен тыс аудандық мәслихат төрағасы Жанар Бисенғалиева сөз бастап, аудан көлемінде әр ауылдық округтердегі жөндеуді қажет ететін бөгеттер мен тоғандар туралы мәселе қозғады.
Мәслихат төрағасы өз сөзінде, Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында қазақтың «Су-ырыстың көзі» деген мақалын тілге тиек ете отырып, «Су ресурсы» еліміздегі өзекті мәселелердің бірі екендігін айтты.
Елдегі су тапшылығының зардабын азайту үшін тиісті сараптамалар мен талдаулар қажет екенін жеткізді. Көктемдегі қарғын суды жинау мәселесі шешімін табуға тиіс екенін, өйткені оның бәрі - ішкі су қорымыз. Сондықтан барлық шараларды алдын ала жоспарлау қажеттігін айтқан болатын.
Кейбір бөгеттер өткен ғасырдың 50-70 жылдары салынған. Иесіз болған соң ешкім қарамайды, жөндеу жасалып та жарытпайтыны белгілі. Сондықтан бар бөгет және тоғандарды жаңғыртуға қатысты депутаттық сауалдар жолдау арқылы ескертудің маңыздылығын атап өтті.
Қорытындылай келе, ауылдық округ әкімдерінің ұсыныстарын ескере отырып, баланста тұрған немесе балансқа алуды және жөндеуді қажет ететін, қараусыз жатқан бөгет және тоғандарға тексеру жасап, алдағы уақытта өткізілетін тұрақты комиссия отырысына ұсынуларын тапсырды.