Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшісінің әдебі
Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды.
Қоғам мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өзінің Отаны – Қазақстан Республикасына қалтқысыз әрі адал қызмет етеді деп сенеді.
Мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын жақтауға және оны дәйекті түрде жүзеге асыруға тиіс.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің осы әдеп кодексі (Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары) (бұдан әрі – Кодекс) Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының заңдарына, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларына сәйкес мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне қойылатын жалпы қабылданған талаптарды, сондай-ақ олардың мінез-құлқының негізгі стандарттарын белгілейді.
Кодекс халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған.
Мемлекеттік органдардың басшылары, орталық атқарушы органдарда – орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары немесе белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органдардың жауапты хатшыларының өкілеттіктері жүктелген лауазымды адамдар, ал орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары немесе аталған лауазымды адамдар болмаған жағдайда – орталық атқарушы органдардың басшылары осы Кодекс талаптарының орындалуын, осы Кодекстің мәтінін мемлекеттік органдардың ғимараттарында баршаға көрінетіндей жерде орналастыруды қамтамасыз етеді.