Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев алдағы ауыл шаруашылығы санағын талқылау үшін «Родина» агрофирмасының бас директоры Иван Сауэрмен кездесті.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы өндірушілерінен сенімді деректерді жинаудың маңыздылығы атап өтілді, нақты статистиканың аграрлық секторды тиімді жоспарлау мен дамытуда негіз болатыны айтылды.
Бюро басшысы ауыл шаруашылығы саласындағы деректердің сапасын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығы көрсеткіштерін қайта есептеу жүргізілді. Төрт түлік, техника және басқа да байланысты бағыттар бойынша деректер базасын өзектендіру жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Болашақта бұл бюроға респонденттерден жиналатын есеп санын қысқартуға, есесіне оны әкімшілік көздерден алуға мүмкіндік береді.
Мақсат Тұрлыбаев екі кезеңде жүргізілетін санақ барысына дайындық туралы да айтты. 1-31 тамыз аралығында санақ барлық заңды тұлғаларды және фермерлерді қамти отырып, онлайн-форматта өтеді. Жеке қосалқы және үй шаруашылықтары өз қалауы бойынша онлайн санаққа қатыса алады. Интернеттегі санақтан өте алмағандар үшін 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында интервьюерлердің ауылдық елді мекендерді аралауы басталады.
«Біз санақты ауыл шаруашылығы өндірушілерінің барлық санаты үшін мүмкіндігінше қолжетімді және ыңғайлы етуге тырысамыз. Онлайн формат қатысушылардың кең ауқымын қамтуға мүмкіндік береді», - деп толықтырды Мақсат Тұрлыбаев.
Кездесу соңында делегация ауылдың сауда нүктелеріндегі бағамен танысып, агрофирманың сүт зауытына барып, кәсіпорындағы өндірістік процестермен танысты.