Ұлттық статистика бюросында әкімшілік өндіріс пен құқықтық құзыреттілік мәселелеріне арналған екі күндік семинар басталды. Іс-шараға Бюроның аумақтық бөлімшелерінің мамандары, сондай-ақ ҚР Бас прокуратурасының, Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің, ҚР Сот әкімшілігі, ҚР Қаржы министрлігі, ҚР Әділет министрлігі мен Заңнама және құқықтық ақпарат институтының өкілдері қатысып жатыр.
Бюро басшысының орынбасары Әсел Шәуенова алғысөзінде Бюро қызметкерлерінің құқықтық сауаттылық пен әкімшілік құзыреттілікті арттырудағы маңыздылықты атап өтті. Іс-шара барысында Бюроның заң департаментінің директоры Арманбек Тілеубаев «Мемлекеттік статистика органындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша істерді жүргізу» тақырыбында баяндама жасап, статистика саласындағы әкімшілік өндірістің негізгі кезеңдерін егжей-тегжейлі баяндады.
Астана қаласы бойынша Бюроның бақылау департаментінің басшысы Сәуле Кинжагулова мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру және респонденттерге қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша істерді жүргізу мәселелері туралы айтып берді. Ол әкімшілік өндіріс процесінде заңнамалық нормаларды сақтау және респонденттермен өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға назар аударды.
Одан бөлек, қатысушылар әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша істерді жүргізудің өзекті мәселелерін, оның ішінде ҚР Әкімшілік процессуалдық кодексінің нормаларын қолдануды, мемлекеттік статистика саласындағы заңнаманы жетілдіруді және істерді тоқтату себептерін талқылады.
Семинардың екінші күні мемлекеттік сатып алу туралы заңнамадағы өзгерістер мен нормаларды қолдану тәжірибесі, сондай-ақ әкімшілік көздерге қатысты мемлекеттік бақылау мәселелері талқыланбақ.