
Ұлттық статистика бюросында Парламент депутаттарының өкілдерімен кездесу өтті, олардың қатарында сенатор Амангелді Толамисов, Мәжіліс депутаттары Анас Баққожаев, Нұржан Әшімбетов пен Аян Зейнуллин болды.
Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаев қонақтарға ауыл шаруашылығы санағына дайындық мәселелеріне қызығушылық танытқаны үшін алғыс айтты. Кездесу барысында Бюро қызметкерлері санақ жүргізудің негізгі әдіснамалық және ұйымдастырушылық тәсілдері туралы ақпаратты ұсынды, пилоттық жобаның қорытындыларымен бөлісті, алдағы ауыл шаруашылығы санағын өткізу кезінде ақпаратты жинау және өңдеу процестері үшін қажет ақпараттық-техникалық шешімдерді көрсетті.
Бюро өкілдері қажетті құжаттаманы дайындау, жұмыс құралдарын сатып алу, іс-шаралар жоспарларын бекіту, сұхбат алу үшін еңбек ресурстарын тарту, санақты сәтті өткізу үшін ақпараттық жүйелерді дайындау және басқа да бағыттар бойынша белсенді жұмыс атқарып жатқанын баяндады.
«Алғашқы ұлттық ауылшаруашылық санағы 2006-2007 жылдары жүргізілді. Бүгінгі таңда санақ қазіргі заманғы ерекшеліктерді ескере отырып, жер және егіс алқаптары, мал басы, ауылшаруашылық техникасы және басқа да өндірістік нысандар туралы өзекті ақпаратты жинауға көмектеседі. Санақ науқаны аграрлық саланың жай-күйі туралы толық және объективті деректерді алуға көмектеседі», – деп атап өтті Бюро басшысы.
Кездесу барысында депутаттар деректердің дәйектілігін арттыру, бұрыс деректерді ұсынатын респонденттерді жауапкершілікке тарту, ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын белсенді жүргізу қажеттігі туралы өз пікірлерін білдірді. Сондай-ақ депутаттық корпус өкілдері санақ парақтарымен танысып, сумен жабдықтау, органикалық өнімдер және басқа да мәселелер бойынша өз ұсыныстарын айтты.
Анықтама: ұлттық ауыл шаруашылығы санағы 2025 жылғы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында өтеді және 2,5 мыңнан астам ауылдық және кенттік округтерді қамтиды, сондай-ақ 5 мыңға жуық санақ қызметкерлерін тартады.