
Бүгін Ұлттық статистика бюросында Мемлекет басшысы жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының «Мемлекеттік саясат» білім беру бағдарламасының тыңдаушыларына арналған көшпелі дәріс өтті. Шара аясында мемлекеттік статистика саласындағы негізгі аспектілер мен демографиялық статистика және халық санағы саласындағы жаңа бастамалар талқыланды.
Бағдарлама қатысушыларына Ұлттық статистика бюросының сарапшылары дәріс оқыды.
Халық статистикасы департаменті директорының орынбасары Бақыткүл Утеулина демографиялық зерттеулер саласындағы негізгі көрсеткіштер мен үрдістер туралы толыққанды мәлімет берді.
Ауыл шаруашылығы статистикасы және ұлттық санақтар департаментінің бас сарапшысы Динара Кунафина «Халық санағы» тақырыбында сөз алып, санақ өткізу мен оны мемлекеттік саясатты талдау және жоспарлау үшін маңызды құрал ретінде қолдану мәселелерін қозғады.
Сонымен қатар, деректердің сапасын бақылау және коммуникацияларды дамыту департаментінің бас сарапшысы Бексұлтан Қабыл сайт ребрендингі және ондағы жаңартулар туралы ақпаратпен бөлісіп, кең аудиторияға арналған ақпарат таратудың жаңа тәсілдерін таныстырды.
Дәрісті 40-тан астам тыңдаушы тыңдады, олардың арасында әртүрлі мемлекеттік органдардың өкілдері мен мемлекеттік статистика саласын тереңірек зерттеуге қызығушылық танытқан мамандар болды. Шара соңында сұрақ-жауап сессиясы өткізіліп, қатысушылар сарапшылардан өздерін қызықтырған сұрақтарға толық жауаптар алды.