Қазақстанда бүгін статистика күні

Қазақстанда бүгін статистика күні
Бүгін Қазақстанның мемлекеттік статистикасына 104 жыл толды. Осы күні 1920 жылдың 8 қарашасында Қазақ ССР-інде статистика қызметі құрылып, елдегі статистика саласының қалыптасуы үшін маңызды кезеңге айналды. 
 
Сала қызметкерлерін құттықтау барысында Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Жандос Шаймарданов еліміздің статистика жүйесінің бүгінгі таңда халықаралық стандарттарға сәйкес келетінін атап өтті. 
 
«Біз жүргізіп жатқан жұмыс стратегиялық шешімдерді әзірлеу негізі ғана емес, сондай-ақ экономиканың және әлеуметтік саланың қазіргі жағдайын бағалаудың маңызды индикаторы. Бұл –тынымсыз еңбек жемісі, оның құндылығы аса жоғары. Бұл мереке – қажетті деректерді нақты әрі уақтылы беру үшін күн сайын жұмыс істейтін барлығымыз үшін маңызды», – деді Жандос Шаймарданов. 
Ол сондай-ақ статистикалық ақпараттың сапасына жақында баға берген, халықаралық ұйымдар мойындаған қазақстандық статистиканың жоғары жетістіктерін атап өтті. Салтанатты шара барысында Жандос Шаймарданов мемлекеттік наградаларды табыстады. 
 
Экономиканы, ғылымды, мәдениетті, білім беруді дамытудағы еңбектері үшін берілетін «Құрмет» орденімен Түркістан облысы бойынша Ұлттық статистика бюросының департамент басшысы Гүлнар Кунтуғанова марапатталды. Сондай-ақ кәсіби қызметтегі жетістіктері үшін берілетін «Ерең еңбегі үшін» медалі Ұлттық статистика бюросының орынбасары Фархат Қалиевке және Қызметтер мен энергетика статистикасы департаментінің директоры Гулмира Карауловаға табыс етілді. 
 
Шара барысында Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев бюро қызметкерлерін «Статистика үздігі» төсбелгісімен, құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапаттады. 
 
«Бүгінгі таңда Қазақстан статистикасы – жай ғана деректер емес, сонымен қатар ел болашағына әсер ететін шешімдерді қабылдаудағы маңызды құрал. Баршаңызға қызметке деген адалдығыңыз бен кәсібилігіңіз үшін алғыс айтамын. Атқарып жатқан жұмысыңыздың маңызы зор, біз бір қадам алда жүріп, Қазақстанның дамуына негіз болатын деректерді ұсыну үшін жаңа технологиялар мен тәсілдерді енгізуді жалғастыратын боламыз», – деді М.Тұрлыбаев.