Бүгін Қазақстанның ұлттық статистика бюросында Статистика күніне орай кеңейтілген алқа отырысы өтті. Оған Қазақстан Республикасының Президенті әкімшілігінің, орталық мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасының стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің өкілдері, сондай-ақ Халықаралық серіктестер, соның ішінде Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, ЮНИСЕФ және елшілік өкілдері қатысты.
Отырысты ашу барысында Қазақстан Республикасының стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Жандос Шаймарданов қатысушыларды мерекемен құттықтап, бюроның жетістіктерін атап өтті. Ол институционалдық дамудағы маңызды қадамдарды, соның ішінде заңнаманың жаңартылуы, МИКС және пилоттық ауыл шаруашылығы санағы сияқты ірі статистикалық зерттеулердің жүргізілгеніне тоқталды.
«Біз институционалдық тұрғыдан айтарлықтай күшейдік, заңнаманы жаңарттық, өзіміз бастамашы болған ауқымды зерттеулерді табысты жүзеге асырдық. Сондай-ақ, барлық әкімшілік көрсеткіштерді, формаларды және әдістемелерді қайта қарау бойынша қомақты жұмыс атқарылды, бұл Қазақстанда деректерді басқарудың біртұтас саясатын қалыптастырудағы маңызды қадам», – деді Жандос Шаймарданов.
Қазақстанның ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев еліміздегі статистикалық процестерді цифрландыруға байланысты маңызды бастамалар туралы баяндады. Ол Қазақстан статистикасының халықаралық стандарттарға сай екенін және бюроның негізгі жұмысы алдағы жылдары статистикалық өндірістің барлық кезеңін толық цифрландыруға бағытталатынын хабарлады.
«Бүгінгі таңда Қазақстанның статистикалық жүйесі халықаралық ұйымдар тарапынан жоғары стандарттарға сай деп танылды. Жүргізілген бағалаулар біздің статистикалық ақпараттың сапасын растады, ол БҰҰ-ның бекіткен принциптеріне негізделген. Былтыр қазан айында өткен Digital Bridge халықаралық форумында Мемлекет басшысы статистиканың маңыздылығын ерекше атап өтіп, ұлттық статистика бюросына цифрлық ведомствоға айналу үшін ауқымды реформалар жүргізуді тапсырды. Осы бағытта мемлекеттік статистиканы модернизациялауға негіз болған бірқатар жүйелік шаралар жүзеге асырылды», – деп атап өтті Мақсат Тұрлыбаев.
Отырыс барысында «Ақпараттық-есептеу орталығы» РМК директоры Қайрат Кипатов деректерді визуализациялау үшін пайдаланылатын цифрлық құралдар жайлы баяндады. Оның айтуынша, цифрлық технологиялардың дамуы статистика пайдаланушыларының сұраныстарын едәуір өзгерткен және енді оларға деректерді визуализациялау мен талдау үшін ыңғайлы құралдар ұсыну маңызды.
«Біз бірегей визуализация құралын енгізу, пайдаланушыларға қызықты деректер көрінісін өз бетінше қалыптастыруға мүмкіндік беретін дашборд конструкторын енгізу міндетін қойып отырмыз. Болашақта ақпаратты іздеуді жеңілдететін және визуализация үшін сұрау жасауға мүмкіндік беретін жасанды интеллект элементтері бар іздеу жүйесін енгізу жоспарымызда бар», - деді ол.
Отырыс барысында ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізу, ішкі сауда статистикасын қалыптастыруда электронды шот-фактураларды пайдалану, сондай-ақ «Цифрлық отбасы картасы» жобасы бойынша статистикалық өндіріс үшін әкімшілік дереккөздерін қолдану мәселелері талқыланды.
Отырысты қорытындылай келе, Мақсат Тұрлыбаев Қазақстанның статистикалық жүйесінің табысты дамуы бюро қызметкерлерінің, халықаралық серіктестердің және мемлекеттік қолдаудың бірлескен күш-жігерінің арқасында мүмкін болғанын атап өтті. Ол статистика саласындағы алдағы реформалардың елдің әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерін тиімді шешуге және мемлекеттік статистикалық деректерге деген сенімділікті арттыруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.