Статистика күніне орай, Ұлттық статистика бюросы қызметкерлерінің балаларын қабылдап, ерекше экскурсия ұйымдастырды. Бұл шара балаларға ата-анасының жұмыс орнын таныстырумен қатар, мемлекеттің маңызды құрылымдарының бірі – статистика жүйесінің қалай жұмыс істейтінін көрсетуге арналды.
«Балалар үшін ересектердің жұмысы көбіне жұмбақ болып қалады. Олар ата-анасының не істеп жүргендерін, күн сайын қайда барып келетінін түсінбеуі мүмкін. Сондықтан, бұл экскурсия сол жұмбақ шешуін табуға ғана емес, сонымен қатар балаларды статистиканың қызықты әлемімен таныстыруға мүмкіндік берді», – деді бюроның адами ресурстарын дамыту департаментінің директоры Гүлмира Бексаутова.
Экскурсия барысында балалар деректерді жинау және өңдеу процесімен танысып, статистиканың маңыздылығын түсінді. Шараның интерактивті бөлігіне ерекше назар аударылды.
Викторина барысында балалар статистика әлеміне қатысты сұрақтарға жауап беріп, өздерінің қызығушылықтарын көрсетті.
Кездесуге қатысқан барлық балаға естелік сыйлық табыс етіліп, ойында белсенділік танытқандар қосымша марапат алды.
Ата-аналар балаларына жұмыс орнын таныстырып, халық тұрмысына әсер ететін маңызды деректердің қалай жасалатынын айтып берді.