Бюро нарықтардағы бәсекелестікті талдауға арналған жаңа құралды іске қосты

Бюро нарықтардағы бәсекелестікті талдауға арналған жаңа құралды іске қосты

Ұлттық статистика бюросы Қазақстан нарықтарындағы бәсекелестік ортаны талдауға арналған «Бәсекелестік жай-күйінің талдамалық картасы» интерактивті дашбордын ұсынады. Бұл дашборд әртүрлі салалық нарықтардың қазіргі жағдайы туралы ашық және қолжетімді ақпаратты ұсынады, бұл бәсекелестікті дамытудағы негізгі шарттардың бірі.

Дашборд 17 нарықты қамтиды, олардың 13-і өнеркәсіпке, 4-і қызмет көрсету саласы бойынша (ұялы байланыс, әуе тасымалдары, теміржол тасымалдары және тұрғын үй құрылысы). Онда нарықтағы бәсекелестік деңгейін бағалауға көмектесетін концентрация коэффициенті мен Герфиндаль-Гиршман индексі сияқты негізгі индикаторлар пайдаланылған. Мысалы, дашбордта пайдаланушылар 2023 жылы қарақұмық жармасы мен ұнның үш ірі өндірушісінің нарықтағы үлесі 51% құрағанын (HHI индексі – 0,14) көре алады. Сәйкесінше, аталған нарықта бәсекелестік деңгейі орташа деген тұжырым жасауға болады.

Сондай-ақ ұсынылған құрал мен көрсеткіштердің деректерді таңдау және есептеу әдістемесіне байланысты кейбір шектеулері барын атап өткен жөн. Сондықтан олар эксперименттік болып табылады және нарықтардағы бәсекелестік жағдайының прокси-индикаторы ретінде қызмет етеді.

«Бұл құрал эксперименттік сипатқа ие болса да, дашбордтағы деректер әртүрлі салалардағы нарық процесін түсінуге айтарлықтай көмектеседі. Себебі ол ондағы динамика мен нарықтағы концентрация көрсеткіштері туралы ақпаратты қамтиды. Бұл бәсекелестік орта мен антимонополиялық саясат шараларының нәтижелері туралы кешенді түсінік береді», – дейді Бюро жетекшісі Мақсат Тұрлыбаев.


Айта кетейік, дашборд кері байланыс жинау және аналитикалық әдістерді одан әрі жетілдіру үшін әртүрлі тәсілдерді тестілеуге бағытталған.

Ақпарат ретінде:
• Концентрация коэффициенті – белгілі бір санаттағы ең ірі компаниялардың (мысалы, топ 3 немесе топ 5) нарықтағы үлесін өлшейтін көрсеткіш. Жоғары концентрация коэффициенті бәсекелестіктің төмен деңгейін көрсетеді, өйткені нарықта бірнеше компанияның үлесі басым.
• Герфиндаль-Гиршман индексі (HHI) – нарықтағы барлық қатысушылардың үлестерін ескере отырып, нарықтық концентрацияны өлшейтін күрделі көрсеткіш. HHI мәні 0-ден 1-ге дейін өзгеруі мүмкін, мұндағы жоғары мән монополизация деңгейінің жоғары екенін, ал төмен мән нарықта бәсекелестіктің барын көрсетеді.