Ұлттық статистика бюросы фискалды деректер негізінде инфляцияны есептеудің алғашқы нәтижелерін жариялады

Ұлттық статистика бюросы фискалды деректер негізінде инфляцияны есептеудің алғашқы нәтижелерін жариялады

Ұлттық статистика бюросы бақылау-касса машиналарының фискалды деректерін қолдана отырып, инфляцияны есептеудің алғашқы эксперименталды нәтижелерін ұсынып отыр. Бұл деректер транзакциялар туралы ақпаратты қамтиды, олардың негізінде белгілі бір кезең мен аймақ үшін баға индексі есептеледі.

Алғашқы есептеулер 20 тауар санатын қамтыды, оның ішінде азық-түліктің 13 түрі мен азық-түлікке жатпайтын 7 тауар бар. Баға индекстері 2023 жылдың ақпанынан 2024 жылдың маусымына дейінгі кезеңде Астана, Алматы және Қарағанды облыстары үшін есептелген. Талдау нәтижелері бойынша, дәстүрлі тәсілмен салыстырғанда 2024 жылдың қаңтар-маусым айларында тауарлардың 70-85%-ы бағаның ұқсас динамикасын көрсетсе, бір жыл ішінде 55-80% ұқсастық байқалды. Қырыққабат, сәбіз, пияз, қияр мен қызанақ сияқты тауарлар үшін барлық аймақта баға өзгерісінің бірдей үрдісі байқалды.

 

 

 

Сонымен қатар, кейбір тауарлар бойынша баға өзгерістерінде айырмашылықтар анықталды. Мысалы, Астанада 2024 жылдың қаңтар-маусым айларында эксперименталды деректерге сәйкес тұздың бағасы 3,6%-ға өскені тіркелсе, дәстүрлі әдіс бойынша 10,8%-ға төмендегені көрсетілді.

Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаевтың айтуынша, фискалды деректер егжей-тегжейлі болғанымен, тауарларды және олардың сипаттамаларын сәйкестендіру бойынша шектеулер бар, олар баға қалыптастыруға әсер етеді. «Бұл қиындықтарды еңсеру үшін тауарлардың атауларын автоматты түрде тануға мүмкіндік беретін машиналық оқыту әдістері қолданылады. Фискалды деректердің репрезентативтілігі бөлшек тауар айналымы статистикасының негізінде бағаланып, Астана, Алматы және Қарағанды облыстарында инфляцияны есептеуге ең қолайлы тауарлар анықталды», – деді Бюро басшысы.

Инфляцияны эксперименталды тәсілмен есептеу жөніндегі барлық дерек арнайы дашбордта визуализацияланған. Онда аймақ, тауар және белгілі кезең бойынша есептеу нәтижелерін бағалауға болады. Эксперименталды индекстер алдын ала дерек болғандықтан, инфляцияны есептеу үшін оларды Халықаралық валюта қорының растауынан кейін қолдану жоспарланып отыр. Үлкен деректер легін пайдалану – баға статистикасын дамытудағы басым бағыттардың бірі және бұл тәсіл Бельгия, Швеция және Швейцария сияқты елдерде қолданылады.