
Ұлттық статистика бюросы респонденттерге статистикалық есептерді уақытында тапсыру туралы push хабарламалар жібере бастады. Енді заңды тұлғаның EGOV mobile-дағы жеке кабинетіне статистикалық есептерді тапсыру қажеттілігі туралы ескертпелер келіп түседі.
Бүгінгі таңда респонденттер 1-КС, 1-ИС, 1-П, 3-Байланыс, 2-сх және 24-сх статистикалық нысандары бойынша хабарламалар ала алады. Басқа нысан түрлері бойынша хабарлама тарату жақын арада толықтырылады.
«Респонденттер бастапқы статистикалық деректерді кестеге сәйкес ұсынуы тиіс. Көбіне олар есеп тапсыру күнін өткізіп алып жатады, салдарынан әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл хабарламалар есептерді белгіленген мерзімде stat.gov.kz сайтындағы респондент кабинеті арқылы электрондық тәсілмен немесе «бір терезе» сервисі арқылы қағаз форматта тапсыруға көмектеседі деп санаймыз», – дейді Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаев.
Айта кетейік, респондент есептерді тапсыру мерзімін жеке кабинеттегі «Жүгіртпе» және statgovkz_bot телеграм ботында «статистикалық нысандар тізімі» бөлімінен көре алады.
Естеріңізге сала кетейік, 8 маусымынан бастап мемлекеттік статистика туралы заңына енгізілген түзетулерге сәйкес, дер кезінде тапсырылмаған есептер анықталған жағдайда, профилактикалық бақылау жүргізбестен, респондентке бірден айыппұл салынады.
Статистика мәселелері бойынша кеңес алу үшін бюроның 1446 бірыңғай байланыс орталығына (жұмыс күндері 9.00-18.30) жүгінуге болады.