Ұлттық статистика бюросында пайдаланушылармен кезекті онлайн-сессия өтті

Ұлттық статистика бюросында пайдаланушылармен кезекті онлайн-сессия өтті

Бүгін бюрода статистикалық ақпарат пайдаланушылармен, оның ішінде орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік орган өкілдерімен, зерттеушілермен, талдаушылармен және түрлі сала сарапшыларымен кезекті онлайн-сессия өтті.

Сессияның негізгі мақсаты пайдаланушылармен ынтымақтастықты қолдау және өзара байланысты нығайту үшін мүдделі тараппен пікір алмасу.

Бюро басшысының орынбасары Әсел Шауенова сессия барысында ағымдағы әлеуметтік-экономикалық жағдай бойынша сенімді ақпараттың болуы тиімді мемлекеттік саясатты жүргізудің базалық шарты болып табылатынын атап өтті. Осы мақсатта Бюро статистикалық тәсілдерді жетілдіруге бағытталған шараларды тұрақты түрде қарастырып келеді.

«Пайдаланушыларды жаппай қамту бағытында біз деректерге барынша оңай қол жеткізу үшін сервистерді қалыптастыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Біз сайтымыздың құрылымы мен мазмұнын жақсартып қана қоймай, ресми статистикалық ақпаратты ұсынудың жаңа тәсілдерін енгіземіз. Экономиканың әртүрлі салаларындағы барлық негізгі статистикалық деректерді қамтитын интерактивті бақылау тақталарын әзірлеп жатырмыз. Биыл біз зерттеушілер үшін арнайы кабинет ашуды жоспарлап отырмыз, онда олар иесіздендірілген микродеректерді толығымен пайдалана алады», – деді Ә. Шауенова.

Сессия барысында негізгі тақырыптардың бірі статистикалық регистрлердің таныстырылымы болды, онда Бюро жүргізетін тіркелімдердің деректерін қалыптастыру ерекшеліктері туралы айтылып, ресми сайттағы кәсіпорындар статистикасы бөлімі көрсетілді.

Сондай-ақ, сессияға қатысушыларға сәйкестендірілмеген түрде мәліметтер базасын алу тәртібі және иесіздендірілген микродеректерді жан-жақты пайдалану үшін зерттеушінің кабинетін іске қосу туралы ақпарат ұсынылды. 

Бюро пайдаланушылармен онлайн кездесулерді тоқсан сайын өткізуді жоспарлап отыр. Ұлттық статистика бюросы барлық қатысушыға белсенділік танытқаны және уақыт бөліп қатысқаны үшін алғыс білдіреді.