
Бүгін еліміздің статистика саласының мамандары кәсіби мерекелерін атап өтіп жатыр. Бұл датаның маңызы ерек, өйткені 1920 жылы 8 қарашада Қазақ КСР-де статистика қызметі құрылған, бүгінде Қазақстанның мемлекеттік статистикасына 103 жыл толып отыр.
Осы жылдар ішінде Қазақстанның статистикалық жүйесі халықаралық стандарттарға сай дамып келеді. Халықаралық ұйымдардың жан-жақты жүргізген бағалауының арқасында еліміздің статистикалық көрсеткіштері жоғары сапасымен және БҰҰ статистикасының іргелі қағидаттарына сәйкестігімен танылды. Бүгінде Қазақстандағы мемлекеттік статистика заңнаманы, нарықтық экономикаға бағдарланған статистика салаларын және халықаралық әдістемелерге сәйкестігін қоса алғанда, қазіргі заманғы статистикалық жүйенің барлық негізгі элементтерін қамтиды.
Кәсіби мерекеге орай Ұлттық статистика бюросы басшысының міндетін атқарушы Жасер Жарқынбаев сала қызметкерлері мен ардагерлерді құттықтап, алғыс хаттар мен мемлекеттік «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісін табыс етті.
Жасер Жарқынбаев өз сөзінде бюроның цифрландыру үрдісін атап өтіп, осы жұмыстың артында тұрған адамдарға ерекше назар аударды.
«Әр ұйымның өз дәстүрлері мен құндылықтары бар, олардың бірі – ардагерлерді құрметтеу. Мереке күні біздің еңбек сіңірген Статистика қызметкерлерімізді көргенімізге өте қуаныштымыз. Абыройлы еңбегіңіз үшін алғыс айтамыз. Бүгінгі таңда біздің ведомство цифрландыруға бет алды. Бүгін біз үлкен Demo day іс-шарасында жобаларымызды таныстырдық. Бұл жұмыстардың барлығын біздің құндылығымыз бен активіміз болып табылатын қызметкерлеріміз жүзеге асырады, сондықтан біз олардың кәсіби өсуі үшін қажет дүниенің бәрін жасаймыз. Статистикалық стандарттардың айырықша сақталуын қамтамасыз ету үшін әрбіреуіңізге мамандыққа адал болуыңызға тілектеспін», – деді Ж.Жарқынбаев.
Салтанатты шара барысында саланың дамуына қосқан ерекше үлестері үшін бірқатар қызметкер марапатталды. Адал еңбектері мен саланың дамуына қосқан үлесі үшін мамандар «Статистика үздігі» төсбелгісін, Құрмет грамотасын және алғыс хаттар алды.