Қазақстан Республикасындағы инфляция

Қазақстан Республикасындағы инфляция

Тұтыну бағаларының айлық индексі 2023 жылғы қазанда 0,7% құрады (ағымдағы жылғы қыркүйекте – 0,6%). Ақылы қызметтер және азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы – әрбіреуі 0,8%-дан, азық-түлік тауарлары 0,5% өсті.

Ақылы қызметтер саласында тұрғын үйді жалға алудың бағалары – 2,3%, қонақ үйлердің қызметі – 2,2%, кешенді демалыстарды ұйымдастыру 2,1% өсті. Су бұруға тарифтер 3%, қоқыс шығаруға – 1,5% өсті.   

Ағымдағы жылдың қазанында бағалардың өсуі тас көмірге – 2,3%, ағаш отынға 0,8% байқалды. АИ-98 маркалы бензин – 3,7%, АИ-95/96 бензин 1,5% қымбаттады. Баға теледидарға – 8,3%, ноутбукке – 6%, электр жылытқышқа 4,7% өсті. Бағаның төмендеуі жуу және тазалау құралдары бойынша байқалды – 0,6%.

Азық-түлік тауарлары арасында бағалар қызанаққа – 9,6%, жұмыртқаға – 5,5%, қиярға – 5,3%, ұнға – 4,3%, кондитер өнімдеріне – 1,3%, нанға 1,2% өсті. Бағаның өсуі темекі өнімдеріне – 2,1%, алкогольді сусындарға – 1,2%, минералды және ауыз суға 0,9% байқалды. Көкөністер – 1,8%, күнбағыс майы – 0,9%, жармалар 0,8% арзандады.

Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Шымкент қаласында – 1,1% (орташа республикалық деңгейден 0,4 п.т. жоғары), ең төменгі – Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарында – әрбіреуінде 0,4%-дан тіркелді.   

Өңірлер бойынша азық-түлік тауарларының ең жоғары қымбаттауы – Шымкент қаласында – 1,8%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша – Маңғыстау облысында – 1,8%, ақылы қызметтер – Атырау облысында 2,5% өсті.

2023 жылғы қазанда жылдық мәнде инфляция деңгейі 10,8% құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы – 10,4%, ақылы қызметтер – 11%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы 11,1% өсті.

2022 жылғы қазанмен салыстырғанда қырыққабат 69,1%, күріш – 40,3%, жүзім – 46,7%, апельсин – 28,1%, сәбіз – 22,4%, консервіленген сүт 22% қымбаттады. Парацетамолға баға – 70%, ацетилсалицил қышқылына – 32,3%, йодқа 21,5% өсті. Дизель отыны – 35,1%, сұйытылған газ – 12,8%, тас көмір 12,6% қымбаттады. Қоқыс шығаруға тарифтер 32%, су бұруға – 27,6% өсті. Керісінше, жылдық мәнде қарақұмық жармасы – 20,1%, құмшекер – 16%, күнбағыс майы 16,2% арзандады.                                                                                            

Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткіші ай сайын есептеледі. Бақылаулар қызметтер мен тауарлардың тарифтері мен бағалары – барлығы 508 позиция бойынша жүргізіледі. Бағаларды тіркеу барлық облыс орталығында, астанада және қалалар мен аудан орталықтарының белгілі бір шеңберінде әртүрлі меншік нысанындағы сауда және қызмет көрсету саласы кәсіпорындарының іріктемелі желісі бойынша жүргізіледі. Инфляция бойынша динамикалық өзгерістерді 2018 жылдан бастап көрсеткіштер қамтылған арнайы әзірленген интерактивті дашбордта көруге болады.

*2023 жылғы қаңтардан бастап, тұтыну бағаларының индексін есептегенде азық–түлік тауарларының үлесі – 41,8%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 29,6%, ақылы қызметтер 28,6% құрады.