Ұлттық статистика бюросының қызметкерлері Республика күніне орай марапатқа ие болды

Ұлттық статистика бюросының қызметкерлері Республика күніне орай марапатқа ие болды

ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросында Ұлттық мереке – Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті.


«Мемлекет басшысы бюро алдына цифрлық ведомство құру міндетін қойды. Ол үшін біз статистикалық қызметтің барлық процесіне цифрландыруды енгізуіміз керек. Бүгін біз мемлекеттік статистика мен ұлттық деректер экожүйесін дамытудың Жол картасын іске асырып жатырмыз. Еліміздің дамуына қосқан үлесіміз – сапалы деректермен уақтылы қамтамасыз ету. Сондықтан статистика сапасын арттыру үшін әрқайсымыз өз орнымызда қажетті жұмыстарды жүргізуіміз керек. Статистиканың дамуына жаңа серпін беріп жатқан еңбектеріңіз үшін баршаңызға алғыс айтқым келеді», – деді ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы басшысының міндетін атқарушы Жасер Жарқынбаев.


Өз сөзінде ол Қазақстан алдында тұрған бұрын-соңды болмаған тарихи сын-қатерлер азаматтық қоғамның бар өкілінің бірлікте болуын талап ететінін атап өтті.

«Тек біріге жұмыс істей отырып, біз одан да күшті ел болып, елімізді өркендете аламыз. Баршаңызға бейбітшілік, амандық пен бақыт тілеймін», – деп қорытындылады Ж.Жарқынбаев.


Мереке құрметіне бірқатар Бюро қызметкері СЖРА төрағасы Жандос Шаймардановтың атынан кәсіби шеберлігі және статистикалық қызметті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін құрмет грамоталарымен марапатталды.


Сонымен бірге бюроның жас мамандары да назардан тыс қалмады. Статистика саласында енді жұмыс істей бастаған, десе де аз уақыт ішінде өзін жауапты қызметкер ретінде көрсете білген қызметкерлердің ата-аналарына ҚР СЖРА төрағасы Ж.Шаймардановтың атынан алғыс хаттар табыс етілді.


Әріптестерімізді марапаттарымен шын жүректен құттықтаймыз және жұмыстарының алға басуын тілейміз.