Ұлттық статистика бюросы пайдаланушылармен онлайн-сессия өткізді

Ұлттық статистика бюросы пайдаланушылармен онлайн-сессия өткізді

 Онлайн-сессияға зерттеушілер мен түрлі салалардың мамандары қатысып, жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдардың өкілдері белсенділік танытты. Сессияның негізгі мақсаты статистика бюросы сайтының пайдаланушыларымен ынтымақтастық құрып, қызығушылық білдірген тараптармен байланысты нығайту.  

Сессияда сөз сөйлеген Бюро басшысының орынбасары Жаннат Дүбірова Бюро жұмысын реформалаудағы іс-шараларға тоқталып, институционалдық-ұйымдастырушылық қайта құру, әкімшілік және балама көздерді пайдалану, сондай-ақ аналитикалық әлеуетті нығайту мен деректерге қолжетімділікті кеңейту жөніндегі негізгі бағыттар жайлы толық айтып берді.

«Бюрода жүргізіліп жатқан барлық реформа саладағы қоғамдастықтың, пайдаланушылар мен респонденттердің пікірін ескере отырып кезең-кезеңімен іске асырылады. Бұл бізге барлық мүдделердің орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл онлайн-сессия тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. Осы арқылы пайдаланушыларымызға бюроның цифрлық трансформациясының барысы таныстырылып, жаңа пайдалы сервистер көрсетіледі. Сондай-ақ статистикалық өндірістің белгілі бір мәселелеріне, оның ішінде қолданыстағы IT сервистердің әдіснамасы, жарияланымдар мен функционалды жетілдіруге қатысты кері байланыс орнатылады», – деп атап өтті Жаннат Дүбірова.

Сессия барысында салалық департаменттердің директорлары сайтпен жұмыс істеу ерекшеліктері жайлы айтып, интерактивті дашбордтарды таныстырды. Атап айтқанда, зерттеу жүргізу үшін деректерді алу, сайтқа жарияланған деректерді жедел алу үшін жеке кабинетке жазылу, қажетті ЭҚЖЖ-ны іздеу, сондай-ақ туындаған мәселе бойынша сайт, телеграм бот және 1446 байланыс орталығына жүгіну мүмкіндіктері жөнінде айтылды. 

Қатысушылар деректердің сапасы мен қолжетімділігіне қатысты өз сұрақтарын жолдап, баяндамалар бойынша нақты сауалдарын қойды. Оның ішінде пайдаланушыларды денсаулық сақтау, өнеркәсіп, инвестициялар статистикасы, сондай-ақ дата-бақылаушылар институтын енгізу мәселелері қызықтырды. Барлық айтылған ұсыныстар кезекті әдіснамалық кеңес барысында қаралатын болады.

Ұлттық статистика бюросы барлық атсалысқан қатысушыға белсенділік танытқаны және уақыт бөлгені үшін алғысын білдіреді.