
ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы Дәуренбеков Әнуарбек Қоймағанбетұлының қайтыс болуына байланысты отбасы мен жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады.
Әнуарбек Қоймағанбетұлы 1945 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. 1966 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын «Экономика» мамандығы бойынша бітірген. 1966-1986 жылдары оқытушы, 1986-1991 жылдары Алматы халық шаруашылығы институтының есеп-экономик факультеті деканының орынбасары болды. Экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі мен статистика доценті ғылыми атағы бар.
1991 жылдан бастап статистика органдарында еңбек етіп, сол жерден зейнеткерлікке шыққан. Әр жылдары ол әлеуметтік және демографиялық статистика басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасының статистика және талдау жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, Ақмола облысының статистика басқармасының бастығы лауазымдарын атқарды, Астана қаласының статистика басқармасын басқарды.
Әнуарбек Дәуренбеков демография, статистика, экономика бойынша Қазақстанда және шетелде жарияланған 100-ден астам ғылыми мақалалардың, еңбектердің авторы. 2012-2021 жылдары «Статистика, есеп және аудит» журналының бас редакторы болды.
«Ардагер статистик Әнуарбек Қоймағанбетұлының орны толмас қазасына байланысты бүкіл статистика саласына қайғырып көңіл айтамын. Ол статистиктердің бір емес бірнеше буын дайындады, оның жетекшілігімен бүгінде елімізге қызмет етіп жүрген көптеген жас маман болашаққа қанат қақты. Статистика саласындағы еңбек жолында тәуелсіз Қазақстанның статистика саласын, одан кейін 1997 жылы елорданың ауысуына байланысты құрылған Астана қалалық статистика департаментін қалыптастыруға белсене атсалысты. Ол саланың дамуына елеулі үлес қосып, статистикада өшпес із қалдырды», – дейді Бюро басшысының м.а. Жасер Жарқынбаев.
Әнуарбек Дәуренбеков мемлекеттік наградалармен, «Құрмет» орденімен, «Астана», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Еңбек ардагері» медальдарымен, «Бірінші ұлттық ауыл шаруашылығы санағы» және «Статистика үздігі» төс белгілерімен марапатталған.