
Тұтыну бағаларының индексі 2023 жылғы қыркүйекте баяулап, 0,6% құрады (ағымдағы жылғы тамызда – 0,7%). Ақылы қызметтер – 0,9%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы – 0,6%, азық-түлік тауарлары 0,3% өсті.
Инфляцияның өсуіне білім беру қызметтері қомақты үлес қосты. Кәсіптік орта білім беру – 11,3%, жоғары білім беру – 10,8%, орта білім беру 6,3% қымбаттады. Баға мектеп оқушыларына арналған спорт секцияларындағы сабақтарға – 3,2%, таксимен жол жүруге – 2,6%, тұрғын үйді жалға алуға 2,3% өсті.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасында бір айдың ішінде баға айтарлықтай тас көмірге 3%, ағаш отынына 2,5% өсті. АИ-95/96 маркалы бензин – 2,7%, АИ-98 1,8% қымбаттады. Жиһаз және үйге қажетті заттардың бағасы – 2%, ноутбук – 1,5%, киім және аяқ-киім 1,2% өсті.
Азық-түлік тауарлары арасында баға бір айда күрішке – 3,2%, жұмыртқаға – 2,9%, жаңа ауланған балыққа, тұздалмаған сары майға – 2,1%-дан, минералды және ауыз суға 1,5%, жаңа піскен жемістерге 1,1% өсті. Бір айдың ішінде, керісінше, картоп 10,3%, жаңа піскен көгөніс 2,3%, күнбағыс майы 2%, жарма 1,5%, құмшекер 1,3% арзандады.
Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Қарағанды облысында – 1,1% (орташа республикалық деңгейден 0,5 п.т. жоғары), ең төменгі – Алматы облысында 100% баға индексін құрады.
Өңірлер бойынша ең жоғары азық-түлік тауарларының бағалары Алматы қаласында – 0,8%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – Жетісу облысында 1,4%, ақылы қызметтер – Қарағанды облысында 2,1% өсті.

2023 жылғы қыркүйекте жылдық мәнде инфляция деңгейі 11,8% құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы – 11,4%, ақылы қызметтер – 11,9%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 12,1% өсті.
2022 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда қырыққабат 74,3%, күріш – 41,3%, жүзім – 37,9%, консервіленген сүт 26,4% қымбаттады. Парацетамол бағасы – 62,7%, күндізгі стационарлық емдеу қызметінің тарифі – 40,1%, қоқыс шығару 34,9% өсті. Керісінше, жылдық мәнде смартфондар – 24,6%, қарақұмық жармасы – 18,3%, құмшекер – 18,1%, күнбағыс майы 14,8% арзандады.
Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткіші ай сайын есептеледі. Бақылаулар қызметтер мен тауарлардың тарифтері мен бағалары – барлығы 508 позиция бойынша жүргізіледі. Бағаларды тіркеу барлық облыс орталығында, астанада және қалалар мен аудан орталықтарының белгілі бір шеңберінде әртүрлі меншік нысанындағы сауда және қызмет көрсету саласы кәсіпорындарының іріктемелі желісі бойынша жүргізіледі. Инфляция бойынша динамикалық өзгерістерді 2018 жылдан бастап көрсеткіштер қамтылған арнайы әзірленген интерактивті дашбордта көруге болады.
*2023 жылғы қаңтардан бастап, тұтыну бағаларының индексін есептегенде азық-түлік тауарларының үлесі – 41,8%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 29,6%, ақылы қызметтер 28,6% құрады.