
2023 жылғы қаңтар-шілдеде бөлшек сауда көлемі 9 481 млрд теңгені құрады немесе 2022 жылғы тиісті кезеңге қарағанда 8,8% артық. Саудамен айналысатын кәсіпорындардың тауарларды бөлшек саудада өткізу көлемі 6 779,2 млрд теңгені құрады, бұл 2022 жылғы тиісті кезеңге қарағанда 11,7% жоғары.
Азық-түлік тауарларының бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі үлесі 29,9% құрады, азық-түлік емес тауарлардікі – 70,1%.
Сату көлемінің ең жоғары өсімі азық-түлік емес тауарлар бойынша, атап айтқанда мотор отыны, автомобиль, тұрмыстық электр құралдары, фармацевтика тауарлары, компьютерлер, периферия жабдықтары мен бағдарламалық қамтамасыз ету, тамақ өнімдері, сусындар мен темекі өнімдері, аяқкиім, тоқыма және шұлық бұйымдары, косметикалық тауарлар және жеке гигиена заттарын сататын кәсіпорындарда байқалды.
2023 жылғы 1 тамызға сауда кәсіпорындарының тауар қорларының көлемі (есеп берген кәсіпорындар бойынша) бөлшек саудада 1465,5 млрд теңгені, сауда күндерінде 59 күнді құрады (2022 жылғы 1 тамызға сауда кәсіпорындарының тауар қорларының көлемі 1 093,4 млрд теңгені, сауда күндерінде – 51 күн).

2023 жылғы қаңтар-шілдеде республикадағы бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі едәуір жоғары үлес Алматы (31,5%) және Астана қалаларына (12,9%), Қарағанды (7,6%) және Шығыс Қазақстан (6,3%) облыстарына тиесілі.
