Бюро қызметкерлері деректерді басқару бойынша кәсіби маман атанды

Бюро қызметкерлері деректерді басқару бойынша кәсіби маман атанды

Төрт ай ішінде бюроның 30 қызметкері, оның ішінде Астана қаласы бойынша аймақтық департамент және «ҚР ҰСБ СЖРА Ақпараттық-есептеу орталығы» РМК Python бағдарламалау тілі бойынша оқу курсынан өтті.

Оқыту Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азия Даму Банкі арасындағы бірлескен «Ұлттық статистика бюросының қызметкерлері үшін data-аналитика бойынша тереңдетілген курс» жобасы шеңберінде іске асырылды.

Курс барысында қызметкерлер Python бағдарламалау негіздерін, data science құралдар жинағын, әртүрлі көздерден (api, сайт талдауы) деректерді жинау, өңдеу және талдау дағдыларын, сондай-ақ машиналық оқыту модельдерін құруды игерді. Олар сондай-ақ деректерді өңдеу, статистикалық модельдеу және визуализация әдістері сияқты күрделі тақырыптарға тереңірек үңілді. Практикалық жаттығулар мен өмірден алынған мысалдардың көмегімен курс тыңдаушылары статистикалық талдау үшін Python тілін қолдану бойынша практикалық тәжірибе алды.

 «Ұлттық статистика бюросы бірқатар мәселені шешуде деректердің маңыздылығы жоғары екенін жақсы түсінеді. Қарқынды оқыту бағдарламасы қатысушыларға болжамды аналитиканы пайдалану және Python-да деректерді тиімді басқару үшін қажетті жан-жақты білім мен практикалық дағдыларды берді. Біз қызметкерлерімізге осындай дағдыларды үйрете отырып, олардың жеке қабілетін ғана емес, сонымен қатар Бюро қалыптастыратын ресми статистикалық ақпараттың жалпы сапасын жақсартамыз. Жобаның сәтті жүзеге асуына септігін тигізген серіктестерімізге алғыс айтамыз», – деді Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Бюро қызметкерлері Qlik sense платформасын пайдалана отырып, деректерді сипаттамалық талдау бойынша оқудан өткен болатын. Бюроның 50 қызметкері статистикалық деректерді тиімді талдау және түсіндіру үшін қажетті дағдыларға ие болды. Нәтижесінде статистиканың негізгі бағыттарын қамтитын 20-дан астам дэшборд жасалды. Олар таяу арада бюроның ресми сайтында жарияланатын болады.