
Ұлттық статистика бюросы халықтың құқық қорғау органдары мен сот жүйесіне деген сенім деңгейі бойынша кезекті іріктеп тексеруін жүргізді. Сауалнамаға қатысқандардың жауаптарына сәйкес, халықтың 57,9% тұрғылықты жерінде өзін толық қауіпсіз сезінеді, 33,7% – жеткілікті деңгейде қауіпсіз, 6,5% – қауіпсіз емес, 1,1% – мүлдем қауіпсіз емес және 0,8% – жауап беруге қиналды. Сонымен қатар, ерлерге қарағанда әйелдер өздерінің толық қауіпсіздікте екенін азырақ сезінеді, сәйкесінше 64,7% және 51,7%.
Өңірлер бөлінісінде өздерін толық қауіпсіз сезінетіндер – ақтөбеліктер, сол өңірден сұралғандардың 76,5%, ал маңғыстаулықтардың тек 25,1% «толық қауіпсіз» деген жауапты таңдаған. Қала және ауыл тұрғындарын салыстыратын болсақ, сауалнамаға қатысқан ауыл тұрғындарының 66,2% өздерін толық қауіпсіз сезінеді, ал қала тұрғындары арасында тек 52,8%.
Респонденттердің жауаптарына сәйкес, көшеде қауіпті сезінудің негізгі себептері жарықтандырудың болмауы/жеткіліксіздігі – 21,4%, шабуылға ұшыраудан қорқу – 16,0% және жалғыз шығудан қорқу – 16,7%. Сонымен қатар, әйелдердің 17,5% шабуылға ұшыраудан қорқатындықтан, өздерін қауіпсіз сезінбейді.
Респонденттер арасында құқық қорғау органдарының қызметі туралы хабардар болуы келесідей көрініс тапты: 22,8% – полиция жұмысы туралы біледі, 20,2% – прокуратура туралы, 18,7% – өртке қарсы қызмет туралы, 16,2% – сот жүйесі туралы, 12,9% – сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет туралы және 8,8% экономикалық тергеу қызметі туралы хабардар.
Зерттеу қорытындысы бойынша прокуратураға сенетін адамдардың үлесі 57,1% құрады, ішінара сенетіндер – 30,6%, керісінше сенбейтіндер – 4%, сенбейтінде – 3,9%. Жауап беруге қиналғандар үлесі 4,4% құрады.
Полиция органдарына сенетіндер үлесі – 57,5%, ішінара сенетіндер – 30,5%, керісінше сенбейтіндер – 3,9%, сенбейтіндер – 4,3%, жауап беруге қиналғандар – 3,8%.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке сенетін респонденттер үлесі 43,4% құрады, ішінара сенетіндер – 32,6%, керісінше сенбейтіндер – 5,7%, сенбейтіндер – 5,5%, жауап беруге қиналғандар – 12,8%.
Өртке қарсы қызметке сенетіндер үлесі – 72,1% құрады, ішінара сенетіндер – 22,4%, керісінше сенбейтіндер – 1,2%, сенбейтіндер – 1,1%. Жауап беруге қиналған респонденттер үлесі – 3,2%.
Экономикалық тергеу қызметіне сенетіндер үлесі 40,2% құрады, ішінара сенетіндер – 32,2%, керісінше сенбейтіндер – 5,8%, сенбейтіндер – 4,6%, тағы 17,3% жауап беруге қиналған.
Сот жүйесіне сенетіндер үлесі 55,2% құрады, ішінара сенетіндер – 31%, керісінше сенбейтіндер – 3,7%, сенбейтіндер – 4%. Жауап беруге қиналғандар үлесі – 6,1%.

Анықтама: Халықтың құқық қорғау органдарына және сот жүйесіне деген сенім деңгейі бойынша іріктеп тексеру жылына екі рет жүргізіледі. Соңғы рет жүргізілген зерттеуге іріктемелі әдіспен іріктелген 18 005 үй шаруашылығы немесе республикадағы үй шаруашылықтарының жалпы санының 0,35%-ы қатысты. Іріктемелі зерттеу жүргізу кезінде 15 және одан жоғары жастағы үй шаруашылығының бір мүшесі сұралды.