
Ұлттық статистика бюросы Telegram мессенджерінің негізінде виртуалды көмекшіні іске қосты. Оның көмегімен пайдаланушылар байланыс орталығына қоңырау шалмай-ақ, Бюро қызметіне қатысты негізгі сұраулары бойынша жылдам кері байланыс ала алады.
Ботпен жұмыс істеу үшін тelegram іздеу жүйесінде statgovkz_bot деп жазу қажет. Оның көмегімен респонденттер бюроның байланыс орталығына өтініш қалдыра алады, ал БСН енгізген кезде ұйымның статистикалық есептілік бойынша күнтізбесі бар файл шығады. Сондай-ақ, ботта ЭҚЖЖ бойынша іздеу жүргізу мүмкіндігі бар, пайдаланушылар «Талдау» ақпараттық жүйесіне және заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің іздеу парағына өте алады.
«Біз пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін бюроның байланыс орталығының арнасын кеңейтіп отырмыз, сондықтан қоңырау шалудан басқа бот арқылы өтініш қалдыруға болады. Өтініштерді қабылдаумен қатар, біз керекті ақпаратты алу үшін боттың функцияларын әртараптандырдық», – деді ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Жаннат Дүбірова.
Ботты іске қосқан кезде пайдаланушыға тілді таңдау мүмкіндігі ашылады. Әрі қарай бот пайдаланушының дербес деректерін өңдеуге рұқсат сұрайды.
Естеріңізге сала кетейік, Бюро сервистерді цифрландыру бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Биыл наурыз айында 1446 бірыңғай нөмірі арқылы қоңырау шалуға болатын пайдаланушылар үшін байланыс орталығы жұмыс істей бастады. Call-орталыққа қалалық және ұялы телефондардан қоңырау шалу – тегін.