Бюро қызметкері Асхат Кенжебаев жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі атанды

Бюро қызметкері Асхат Кенжебаев жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі атанды

Ұлттық статистика бюросының Павлодар облысы бойынша департаментінің Ақсу қалалық статистика басқармасының басшысы Асхат Кенжебаев «Үздік мемлекеттік қызметші-2023» республикалық байқауының жеңімпазы атанды. Байқауды Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру және еліміздегі үздік мемлекеттік қызметшілерді анықтау мақсатында ұйымдастырған.

Байқауға еліміздің барлық өңірінен 609 мемлекеттік қызметші қатысты. Конкурс шарттары бойынша оған мемлекеттік қызметте кемінде 3 жыл өтілі бар, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері қатыса алды.

Бірнеше кезеңмен өткен байқаудың қорытындысы бойынша 10 мемлекеттік қызметші жеңімпаз атанды, олардың арасында Бюромыздың қызметкері Асхат Кенжебаев та бар. Байқау аясында ол моноқалаларды дамыту бойынша бірнеше ұсыныстар ұсынды, онда ол қала құрушы кәсіпорындардың айналасында ШОБ субъектілерінің белдеуін құру, индустриялық аймақтарды құру және дамыту мәселелеріне тоқталды.

«Қызметім мен қабілетіме осындай баға алғаныма ризамын. Мұндай байқауға алғаш рет қатысып отырмын. Бұл мен үшін үлкен құрмет және жауапкершілік. Байқаудың барлық кезеңінде қолдау көрсеткен қазылар алқасына, ұйымдастырушыларға және ұжымыма алғысым шексіз», – дейді А.Кенжебаев.

Асхат Кенжебаев Павлодар облысының тумасы, С.Торайғыров  атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Экономика» мамандығын бітірген. Бюрода 2022 жылдың наурыз айынан бастап жұмыс істейді, мемлекеттік қызметтегі жалпы еңбек өтілі 16 жыл.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» төсбелгісімен марапатталды.

Әріптесімізді жеңісімен құттықтаймыз, қызметінде одан ары табысты болуын тілейміз.