Ұлттық статистика бюросы толықтай жаңартылған сайтқа көшті

Ұлттық статистика бюросы толықтай жаңартылған сайтқа көшті

Бүгінге дейін бюроның stat.gov.kz сайтына кірген кезде пайдаланушыға ресурстың жаңа нұсқасына ауысу ұсынылатын, енді бұл опция өшірілді.

«Өткен жылдың желтоқсан айында Бюро ресми ресурсын жаңартқан болатын. Сайт навигациясы, құрылымы мен дизайн тұжырымдамасы айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Біз сайтты мүмкіндігімізше ыңғайлы етуге тырыстық. Осы уақыт ішінде Бюроның жаңа веб-сайтымен бірге оның бұрынғы нұсқасы да қатар жұмыс істеді. Біз жарияланған ақпарат көлемін ескере отырып, өзгерістерді рет-ретімен енгіздік. Қазір барлық дерек сәтті көшірілгеннен кейін бірден жаңа нұсқаға кіру мүмкіндігі жасалды», – деді Бюро басшысы Жандос Шаймарданов.

2022 жылға дейінгі бұрынғы жарияланымдар old.stat.gov.kz сілтемесі бойынша сайттың ескі нұсқасында сақталады. Жаңа сайтта бұл жарияланымдарды «Жинақтар» бөлімінен табуға болады.

«Сайттың жаңа нұсқасында біз пайдаланушыларды қызықтыратын негізгі көрсеткіштерге жылдам қолжеткізуді қамтамасыз етуге тырыстық, таңдалған облыс немесе республикалық маңызы бар қала бойынша негізгі көрсеткіштерді қамтитын аймақтар үшін бөлек бөлім әзірледік. Сондай-ақ статистикалық ақпаратты іздейтін шетелдік пайдаланушылар үшін сайттың ағылшын тіліндегі нұсқасын толықтырдық. Сайт мобильді құрылғылардың барлық түріне бейімделген, қарапайым және қолдануға ыңғайлы. Бұл ретте біз сайтты одан әрі жетілдіру жұмыстарын жалғастырамыз», – деді Ж. Шаймарданов.

Айта кетейік, сайтта ыңғайлы іздеу жүйесі енгізілді, сондай-ақ заңды тұлға және ЭҚЖЖ бойынша іздеу тетігі басты бетке қосылды. Сайттың барлық бөлімі ақпаратты ұсынудың бірыңғай стандарттарына сәйкес ұйымдастырылған: кестелер тақырып бойынша топтастырылған, шығарылым күнтізбесі пайда болды. Әр бөлімдегі түсіндірме материалдар қолжетімді түрде берілген және инфографикамен, сондай-ақ дашбордтармен толықтырылған.