Бюро статистика негіздері бойынша оқу курсын іске қосты

Бюро статистика негіздері бойынша оқу курсын іске қосты

Ұлттық статистика бюросы пайдаланушылардың деректермен жұмыс істеу бойынша статистикадағы білімін арттыруға бағытталған «Data literacy» білім беру жобасын іске қосты. Бағдарлама қатысушылардың білім деңгейі мен қажеттіліктеріне қарай, деректермен енді ғана таныса бастағандар мен дата-аналитиктер үшін жетілдірілген бағыттарды  қамтиды.  

«Бюро бұл курсты деректерді басқару және соның негізінде шешім қабылдау мәдениетін дамыту үшін қолға алды. Қазіргі заманда деректер тілінде сөйлеу – оқу және жазу сияқты негізгі дағдыға айналатынына көзіміз жетті. Барлығы деректер менеджері болып кете алмайды, бірақ барлығы деректерді дұрыс пайдалана білуі керек. Сондықтан біз «Data literacy» курстарын әзірледік», – деді ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов.

Бюро бағдарламаның базалық деңгейін бейнесабақ түрінде Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен дайындап ұсынып отыр. Бұл сабақтар пайдаланушыларға деректермен жұмыс істеу, оның ішінде деректерді жинау, іздеу, талдау, визуализациялау және соның негізінде шешім қабылдау процестерімен танысуға көмектеседі.

 

Білім беру бағдарламасының келесі сараптамалық деңгейі статистикалық көрсеткіштер әдіснамасын және деректер экожүйесін сипаттауға арналады. Мұнда пайдаланушылар статистика салалары бойынша негізгі көрсеткіштерді есептеу әдіснамасының қыр-сырын және ұлттық деректер экожүйесінің даму перспективаларын зерттейді.

«Сонымен қатар біз қосымша екі жетілдірілген деңгейді дайындап жатырмыз, оның аясында Бюро қызметкерлерінің өзі визуалды және болжамды аналитика жасауды үйренетін болады. Бұл деңгейлердің барлығы рет-ретімен жасалған және тыңдаушыларымыздың сұранысына барынша бейімделген», – деді Бюро басшысы.

Бейнесабақтар Бюроның Youtube арнасында, сондай-ақ жаңартылған ресми stat.gov.kz сайтының «Бастамалар» бөлімінде жарияланған.