Бюро денсаулық сақтау, білім беру және ауыл шаруашылығы бойынша жаңа статистикалық тіркелімдерді іске қосады

Бюро денсаулық сақтау, білім беру және ауыл шаруашылығы бойынша жаңа статистикалық тіркелімдерді іске қосады

Бұл туралы Бюро басшысы Жандос Шаймардановтың төрағалығымен өткен кезекті алқа отырысында айтылды. Кездесу барысында іс-шаралардың қорытындысы шығарылып, алдағы жұмыстың басым бағыттары белгіленді.

Кеңеске АЕО РМК ведомстволық бағынысты ұйымының, бюроның аумақтық органдарының басшылары және бюроның орталық аппараты департаменттерінің директорлары қатысты. Күн тәртібінде 2023-2025 жылдарға арналған мемлекеттік статистика мен ұлттық деректер экожүйесін дамытудың Жол картасының жобасы қаралды, жаңа статистикалық тіркелімдерді енгізу, шаруашылық бойынша есепке алу деректерінің дұрыстығын бағалау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру, интервьюерлердің еңбекақысы және т.б. мәселелер талқыланды.

 

Әдістемелік әзірлеу және деректерді басқару саясаты департаментінің директоры Марина Мисюра Мемлекеттік статистиканы дамытудың Жол картасы туралы ақпаратты бөлісті. Ол жол картасы статистикалық өндіріс парадигмасын өзгертуге және дәстүрлі статистикалық есеп беруден жаңа деректер көздеріне көшуге мүмкіндік беретінін атап өтті. «Жол картасы үш негізгі бағытты қамтиды – институционалдық және ұйымдастырушылық қайта құрулар, әкімшілік және балама көздерді белсенді пайдалану, сондай-ақ барлық тараптың сараптама жасаудағы әлеуетін күшейту және деректерге қолжетімділікті кеңейту. Бүгінде біз нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Биыл халықаралық институттар ұлттық статистикалық жүйеміздің халықаралық стандарттарға сәйкестігін бағалау жұмыстарын бастайды», – деді М. Мисюра.

Цифрлық статистикалық тіркелімдерді енгізу де – жол картасының маңызды бағыттарының бірі. Жаңа реестрлер респонденттердің есеп берудегі жүктемесін азайтады және әкімшілік деректер негізінде жасалған статистикалық ақпараттың сенімділігін арттырады. Жақын арада білім мен ғылым, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы салалары бойынша статистикалық тіркелімдерді енгізу жоспарланған.

Отырыс барысында сондай-ақ, АЕО РМК-ның 2022 жылғы қызметінің қорытындылары және кәсіпорынды трансформациялау бөлігіндегі перспективалық міндеттер тыңдалды. «Өткен жылы біздің орталық «е-Статистика» ақпараттық жүйесін сүйемелдеу аясында 500-ден астам тапсырманы сәтті аяқтады. Сонымен қатар ағымдағы жылы біз ақпараттық жүйені балама көздермен интеграциялауға үлкен көңіл бөлуді жоспарлап отырмыз», – деді АЕО директоры Ержан Мәлімбаев.

Сондай-ақ отырыс барысында автомобиль көлігіндегі ЖК қызметінің негізгі көрсеткіштерін қалыптастыру бойынша жаңа тәсілдер және шаруашылық есеп бойынша деректердің дұрыстығын бағалау, пайдаланушылармен жүргізілетін жұмыс, интервьюерлердің еңбекақысы және мемлекеттік қызметшілерді бағалау жүйесі бойынша баяндамалар тыңдалды.

Алқа жұмысының қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жоюға және Бюро мен оның аумақтық органдары жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған тиісті шешімдер қабылданды.