
Бұл туралы Президент жанындағы цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссия отырысында ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов айтып берді. Бюро ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, «Цифрлық статистикалық тіркелімдер» жол картасының жобасын әзірледі. Оның аясында экономиканың бірқатар саласын қамтитын жаңа статистикалық тіркелімдерді құру жоспарланған. Оның ішінде әкімшілік деректер негізінде жаңартылып отыратын Білім және ғылым тіркелімі, Туризм тіркелімі, Денсаулық сақтау тіркелімдері бар.
Бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың мемлекеттік дерекқорларында статистикалық өндіріс үшін пайдалануға болатын деректердің үлкен көлемі сақталған. Бұл статистикалық есептердің санын азайтуға, сондай-ақ статистикалық деректерді өндірудің бүкіл циклін цифрландыруға мүмкіндік береді.
«Ұлттық статистика бюросы 146 статистикалық нысан бойынша деректерді жинайды және мемлекеттік деректер базаларымен 29 түрлі ықпаладастық бар. Бұл бүкіл өндіріс циклін толық цифрландыру үшін жеткіліксіз. Жаңадан қалыптастырылатын регистрлер алдын ала валидациядан және бақылаудан өтетін деректермен толтырылатын болады. Әкімшілік деректер көздеріне ауысу – Эстония, Польша, Жаңа Зеландия және т.б. сияқты бірқатар статистикалық мекемелерде ең үздік тәжірибе болып саналады», – деп түсіндірді отырыс барысында Бюро басшысы Жандос Шаймарданов.
Жобаны іске асыру үшін қажетті деректер жиынтығын мемлекеттік базаларда бар деректермен салыстыру, олардың сапасын тексеру және толық интеграциялау бойынша көлемді жұмыс жүргізу жоспарлануда. Бұл ретте Бюро цифрлық нормативтік-анықтамалық ақпарат сервисінің иесі болып айқындалды.
Естеріңізге сала кетейік, бүгінде Ұлттық статистика бюросы статистикалық тіркелімдердің 4 түрін (Статистикалық бизнес-тіркелім, Халықтың статистикалық тіркелімі, Ауыл шаруашылығы статистикалық тіркелімі, Тұрғын үй қорының статистикалық тіркелімі) жүргізеді.