Qazdatathon байқауының жеңімпаздары анықталды

Qazdatathon байқауының жеңімпаздары анықталды

Астанада алғаш рет өткізілген Qazdatathon байқауының қорытындысы шығарылды. Шара ұйымдастырушылары ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы және ҚР Ұлттық банкінің төлем және қаржы технологияларын дамыту орталығы. Қазылар алқасы талқылау қорытындысы бойынша 3 жеңімпаз команданы анықтады.

Бірінші жүлделі орынды М.В. Ломоносов атындағы ММУ Қазақстандық филиалының "MSU (KB)" командасы иеленді. Олар аймақтық диспропорцияны анықтауға көмектесетін синтетикалық транзакциялық деректерді визуализациялау жобасын ұсынды. Жеңімпаздар 500 мың теңге көлемінде ақшалай сертификат алды.

400 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйақысы тағайындалған екінші орынды Қарағанды қаласынан келген Е.А. Бөкетов атындағы ҚарУ-ның «Buketov Analytics» командасы иеленді. Олар Кобба–Дугластың өндірістік функциясын қолдана отырып, ҚР экономикасының өндірістік мүмкіндіктерін зерттеуді ұсынды.

Үшінші орынды Алматылық Халықаралық IT Университетінің «NeverEverSharshama» командасы иеленді, олар синтетикалық деректердің көмегімен жеке кәсіпкерлердің жұмыс істеу кезеңін, олардың неліктен жабылатынын және халықтың қандай қажеттіліктерін өтейтінін зерттеді.

Конкурстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері демеушілер мен ұйымдастырушылар ұсынған электроника дүкеніне ақшалай сыйлық сертификаттар, деректерді талдауға арналған «Qlik» бағдарламасының жылдық лицензиясын, бизнес-аналитика бойынша кітаптарды, сондай-ақ конкурсты ұйымдастырушылар құрылымында тағылымдамадан өту мүмкіндігін алды.

Естеріңізге сала кетейік, байқауға 18 өтінім берілді, оның 5-і жобаның финалына шықты. Оларға кәсіпорындардың қаржы-шаруашылық қызметі және транзакциялық белсенділігі бойынша синтетикалық деректер ұсынылды. Комиссияның алғашқы іріктеуінен өткен номинанттардың кандидатурасына екінші кезеңде барлық қазақстандықтар дауыс бере алды. Дауыс беру конкурстың datathon.kz. ресми сайтында жүргізілді. Бұл іс-шара data driven шешімдерін қабылдау барысында деректерді басқару және талдау мәдениетін құруда жас мамандар үшін әсіресе маңызды.