Астана қаласы мен Ақмола облысының облыстық статистика департаменттерінде жаңа басшы тағайындалды

Астана қаласы мен Ақмола облысының облыстық статистика департаменттерінде жаңа басшы тағайындалды

Бюроның Астана қаласы мен Ақмола облысы бойынша аумақтық департаменттерінде жаңа басшы тағайындалды. Елордалық статистика кеңсесін басқару Аида Исабековаға тапсырылса, Ақмола облысы бойынша бюро департаментінің басшысы лауазымына Расул Ерғалиев отырды.

Аида Исабекова 2000 жылы М. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін халықаралық экономикалық қатынастар мамандығы бойынша аяқтаған, сондай-ақ аталған оқу орнының құқық бойынша дипломы бар. 2016 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында экономика және бизнес магистрі дәрежесін алды.

Еңбек жолын «Ақпараттық-есептеу орталығында» құрылыс және инвестициялар статистикасын ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің маманы болып бастаған. 2002-2014 жылдары ҚР Статистика агенттігінде әртүрлі лауазымдарды атқарды, инновациялар және туризм, өнеркәсіп және қоршаған орта статистикасы көрсеткіштерімен жұмыс істеді, сондай-ақ құрылыс статистикасы, энергетика және қоршаған ортаны қорғау департаменттерін басқарды.

2014-2018 жылдары ҚР ҰЭМ Статистика комитеті басқармасының бас сарапшысы болды. 2018-2019 жылдары ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің Түркістан облысы бойынша статистика департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарды. 2019 жылдан бастап Астана қаласы бойынша департамент басшысы лауазымына тағайындалғанға дейін осы аумақтық бөлім басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.

Расул Ерғалиев 1999 жылы Көкшетау гуманитарлық-экономикалық университетін «Қаржы және несие» мамандығы бойынша, 2004 жылы Солтүстік Қазақстан заң академиясын «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын ҚР Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Жер қойнауының статистикасы басқармасының талдау және болжау бөлімінің маманы болып бастаған. Онда қарапайым маманнан бас инженер лауазымына дейін өсті. 2007 жылдан бастап Ақмола облысы әкімі аппаратының облыс әкімінің орынбасарының бас маман-консультанты болып жұмыс істеді. 2009 жылдан 2015 жылға дейін Ақмола облысы бойынша салық органдарының құрылымында еңбектенді. 2015 жылдан бастап осы лауазымға тағайындалғанға дейін Ақмола облысы бойынша статистика департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарды.