
ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов «Актив ретіндегі деректер» форумында Мемлекеттік статистика мен деректердің ұлттық экожүйесін дамыту тұжырымдамасын таныстырды.
Құжаттың жобасын ұсына отырып, Бюро басшысы деректер экожүйесінің енді ғана қалыптасып жатқанын және оның мемлекеттік статистикадан бөлек дами алмайтынын атап өтті. Осы себепті Бюро екі жүйені дамытудың кешенді жобасын ұсынып отыр. Тұжырымдамада жүйедегі шешілуі тиіс мәселелер аталып, DAMA стандарттарына негізделген деректер экожүйесінің сараптамасы жасалған.
«Халықаралық тәжірибені және корпоративтік сектордың үздік тәжірибелерін мұқият зерделей отырып, біз деректерді басқару жеке мемлекеттік функция ретінде анықталуы және басым саясат ретінде көрсетілуі керек деген қорытындыға келдік. Бұл саясатты іске асыру үшін деректерді экономикалық құндылығы бар және тиімді басқаруды қажет ететін актив ретінде қарастыру маңызды. Осыған байланысты деректерді басқарудың озық тәжірибелеріне сүйене отырып, деректердің ұлттық экожүйесінің негізіне 5 принципті енгізуді ұсынамыз, олар деректердің жеке құндылықтары бар актив ретіндегі әлеуетін ашады», – деді Ж.Шаймарданов.

Жүйе диагностикасы мен 5 принцип негізінде анықталған мақсат – деректер экожүйесінің әлеуетін ашу. Оған жету үшін 4 міндет анықталды:
- нормативтік құқықтық және әдіснамалық базаны жетілдіру;
- ұлттық тіркелімдер негізінде әкімшілік және баламалы көздерді белсенді пайдалану;
- мемлекеттік органдардың Талдамалық әлеуетін нығайту;
- деректерге қол жеткізуді қамтамасыз ету және ашық бәсекеге қабілетті деректер нарығын құру.
«Біз тұжырымдама шеңберінде ұсынылған міндеттер 3 жыл ішінде 2 кезеңмен іске асырылады деп жоспарлап отырмыз. Ұлттық статистика жүйесін трансформациялаудың нәтижесі 2025 жылдың соңына қарай пайда болатын деректердің толыққанды ұлттық экожүйесі болмақ, оның пайдасын мемлекеттік секторды, азаматтарды және бизнесті қоса алғандағы, деректер нарығының барлық пайдаланушысы көретін болады», – деп қорытындылады Бюро басшысы.
Айта кетейік, бүгінде құжат бюроның ресми сайтында (хабарландыру бөлімінде) жарияланған. Жыл соңына дейін көпшілік талқылауы үшін ұсынылған құжат бойынша пікірлерді m.misyura@aspire.gov.kz мекенжайына жіберуге болады.
Талқылауға белсенді қатысуға және мемлекеттік статистика мен ұлттық деректер экожүйесінің дамуына өз үлесіңізді қосуға шақырамыз.