Ақпараттық-есептеу орталығы 25 жылдық мерейтойын атап өтуде

Ақпараттық-есептеу орталығы 25 жылдық мерейтойын атап өтуде

Осыдан ширек ғасыр бұрын, 1997 жылы 12 қарашада «ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының ақпараттық-есептеу орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылды.

Өз жұмысының бірінші күнінен бастап АЕО ұжымы пайдаланушыларға жедел және сенімді қызмет көрсету үшін заманауи ақпараттық технологияларды енгізе отырып, бірыңғай статистикалық ақпарат жүйесін жетілдіре бастады.

«Бүгінде мекемеде 500-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Орталық статистиканың барлық түрі бойынша статистикалық деректер қорын қалыптастырып, «Е-статистика» жүйесін техникалық сүйемелдеу арқылы Қазақстанның статистикасына елеулі үлес қосуда. Статистикалық мәліметтерді жинау, оларды өңдеу және жұмыс әдістерін жетілдіру АЕО қызметінің негізгі факторлары. Соңғы технологиялық үрдістердің қарқынды дамуын ескере отырып, ұйым ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, заман ағымына ілесіп қана қоймай, мемлекеттік қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін салаға қатысы бар бағдарламалық жүйелерді біріктіріп отыр. Әріптестеріме биіктерден көріне беруін және бақ-береке тілеймін», – деді Бюро басшысы Жандос Шаймарданов.

 Кәсіпорынның дамуының негізгі кезеңдерін атап өткен жөн: бұл, ең алдымен, статистикалық мәліметтермен жұмыс істеудің барлық кезеңдерін қамтитын "Е – статистика" интеграцияланған ақпараттық жүйесін құру және қолдау. Сонымен қатар статистикалық бақылау нысандарын әзірлеу, деректерді жинап енгізіп,  өңдеу және талдау, визуализациялау және пайдаланушыларға статистикалық деректерді  Интернет арқылы беру. Сонымен қатар, орталықта Бірыңғай байланыс орталығы құрылды, ол 5 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Ол бюроның ақпараттық жүйелерінің ішкі және сыртқы пайдаланушыларына жедел және сапалы техникалық қолдау көрсетумен айналысады.

Бүгінгі таңда АЕО статистикалық ақпарат пен мемлекеттік деректер базасы негізінде аналитикалық шешімдерді, соның ішінде модельдеу және сценарилік талдау құралдарын қалыптастырады. Бұл елдің бәсекеге қабілеттілігін және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған реформаларды жүзеге асыру тәсілдері бойынша ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.