Ұлттық статистика бюросы мемлекеттік статистика саласындағы жұмыстың беделін арттыру, кадр резервін қалыптастыру, таланттарды іздеу, сондай-ақ мемлекеттік статистика жүйесін жетілдіру мақсатында «Өзгеріс көшбасшылары» байқауын өткізді.
Іс-шараға Бюроның орталық аппараты мен аумақтық бөлімшелердің кез келген қызметкерінің қатысу мүмкіндігі болды. Жобаларды қорғауға 17 үміткер іріктеп алынды, олардың әрқайсысы статистика саласындағы берілген тақырыптар бойынша өз жобаларын ұсынды.
Байқау қорытындысы бойынша комиссия 4 жеңімпазды анықтады:
Бірінші орынды «Интервьюерлермен жұмысты оңтайландыру» жобасын қорғаған ҚР СЖРА ҰСБ Павлодар облысы бойынша департаментінің әлеуметтік-демографиялық статистика басқармасының басшысы Айнұр Досмұхамбетова иеленді. Бүгінгі таңда Бюро бүкіл Қазақстан бойынша үйлерге барып сауалнама жүргізеді, оған интервьюерлер тартылады. Айнұр тұрақты негізде жұмыс істейтін интервьюерлердің бірыңғай штатын құруды ұсынған. Бұл кадрлардың жұмыстан кету қарқыны мен сауалнама жүргізушілерге түсетін жүктемені азайтады.
Екінші орынды ҚР СЖРА ҰСБ Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұржан Сәрсенбаев иеленді. Ол да интервьюерлермен жұмысты оңтайландыру жобасын қорғаған болатын.
Үшінші орынды бірден 2 қызметкер бөлісті: БҚО бойынша департаменттің Статистикалық ақпарат пайдаланушыларымен жұмыс істеу бөлімінің бастығы Гүлжан Дәулетиярова мен Қарағанды облысы бойынша департаменттің респонденттер мен әкімшілік көздерге қатысты бақылау басқармасының басшысы Никита Бурмистров. Олар «Есеп беру тәртібін арттыру және қайта есептеулерді азайту үшін респонденттермен өзара әрекеттесуді жақсарту» жобасын қорғады.
«Біз бұл бағдарламаны жайдан-жай іске қосқан жоқпыз. Ол жыл сайын өтіп, бірнеше кезеңнен тұратын болады. Бұл жобалардың соңғы кезеңінде жұмысқа бірден ендіруге келетіндей жағдайда болуы үшін қажет. Байқау қорытындысы кәсіби мереке қарсаңында – 8 қарашада шығарылып отырады. Жеңімпаздар тек материалдық ынталандыру ғана емес, сонымен қатар арнайы оқу курстарынан өтіп, Бюроның кадрлық резервіне кіруге мүмкіндік алады», – деді Бюро басшысы Жандос Шаймарданов.
Қатысушылардың байқауда ұсынған жобалары назарға алынып, алдағы уақытта жүзеге асырылатын болады. «Өзгеріс көшбасшылары» байқауы жыл сайынғы негізде өткізілмек, бұл қызметкерлердің жұмысына деген ынтасы мен бастамашылдық қасиетін арттырады.
Әріптестерімізді жеңістерімен құттықтап, алдағы уақытта да табыс тілейміз!