
Бүгін Қазақстанның мемлекеттік статистикасына 102 жыл. 1920 жылы дәл осы күні Қазақ КСР-інде статистика қызметі құрылды.
Бүгінгі таңда Қазақстанның статистикалық жүйесі жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Ауқымды бағалау жүргізген бірқатар халықаралық ұйым Қазақстанның статистикалық көрсеткіштерінің сапасын және БҰҰ статистикасының негізгі қағидаттарын сақтай отырып, жасап жастқан қызметіне жоғары баға берді. Қазіргі уақытта Қазақстанның мемлекеттік статистикасында заманауи статистикалық жүйелердің барлық міндетті атрибуттары бар: заңнама, нарықтық экономикасы бар елдерге тән статистика салалары, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін статистикалық әдістеме.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев сала қызметкерлері мен ардагерлерді кәсіби мерекесімен құттықтап, бірқатар Бюро қызметкеріне «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалін табыс етті.
Ол Бюроның реформалау бағдарламасының маңыздылығына тоқталып, ондағы басты элемент – адамдар екенін атап өтті.
«Ұзақ жылдар бойы жинақталған тәжірибесі мен дәстүрі бар статистиктерді шын мәнінде білімді, білікті мамандар деп атауға болады. Мемлекет басшысы 2020 жылы Ұлттық статистика бюросын ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің құрамына қосқаны – кездейсоқ емес. Реформаларды әзірлеу және іске асыру сенімді және толық ақпаратқа негізделуі керек екенін бәріміз білеміз. Бұл жағдайда біз бүгінде Data-driven Government деп аталатын тиімді мемлекеттік саясатты жүргізе аламыз. Бұл іс жүзінде іске асу үшін ұлттық статистиканың өзіне де реформалар жүргізу қажет. Біз барлық басқа мемлекеттік органға ішкі трансформацияның табысты үлгісін көрсетуіміз керек», – деді Ә. Ерғалиев.
Өз кезегінде бюро басшысы Жандос Шаймарданов құттықтау сөзінде алдағы жоспарларымен бөлісіп, жүргізіліп жатқан реформалардың маңыздылығын тілге тиек етті.
«Бүгінде ұлттық статистиканы реформалау бағдарламасы әзірленген. Ол негізгі үш бағыт бойынша – әдістемелік базаны жетілдіру, әкімшілік және балама көздерді пайдалануға көшу, сондай-ақ ұйымдастырушылық реинжиниринг бойынша 68 жобадан тұрады. Көптеген бастамалар заңнамалық өзгерістерді талап етеді. Осыған байланысты біз «Мемлекеттік статистика және деректер туралы» Заң жобасын әзірлеуге кірістік. Бұл ұлттық статистика тарихының жаңа белесі болады деп ойлаймын», – деді Ж.Шаймарданов.
Бюро басшысы мамандарға жоғары кәсібилігі үшін алғыс айтып, қызметтерінде табысқа жете беруін тіледі.
Салтанатты жиын барысында бірқатар қызметкер статистикалық қызметтің дамуына қосқан үлесі және адал еңбегі үшін Құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен және «Статистика саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталды.