
2010 жылы БҰҰ Бас ассамблеясының 64-ші сессиясында 20 қазанда Дүниежүзілік статистика күнін мерекелеу туралы қаулы қабылданды. Бұл күнді құру туралы ұсынысты БҰҰ статистика бөлімі енгізді және оны 75 ел мен халықаралық мекеме қолдады.
Бұл күн жұртшылықтың назарын статистикалық мекемелер мен ұйым қызметкерлерінің күн сайын атқаратын маңызды жұмысына назарын аударту үшін белгіленген. Нақты, объективті және салыстырмалы деректерді жинай отырып, олар ұлттық және халықаралық деңгейде кең ауқымды жұмыстарды жүргізуге ықпал етеді.
Біздің өміріміздегі статистиканың рөлін асыра бағалау қиын, онсыз ешқандай саланы елестету мүмкін емес. Олар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін де шешуші рөл атқарады, статистика – маңызды стратегиялық шешімдер қабылдау кезінде ескерілетін негізгі факторлардың бірі.
Бүгінгі таңда Қазақстанның Ұлттық статистика бюросы статистикалық ақпаратты жинау, өңдеу және тарату бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Саланың ғасырлық тарихы бар және қазіргі заманауи тәсілдер мен құралдарды ескере отырып, қазір трансформация сатысынан өтуде. «Әрбір адам қандай да бір шешім қабылдағанда деректерге сүйенеді. Біз ел деңгейінде Статистика жасай отырып, еліміздің нақты әлеуметтік-экономикалық жағдайын көрсетеміз. Таяу болашақта біздің алдымызда әдіснама базасын жетілдіру, цифрландыру құралдарын енгізу және баламалы деректер көздеріне көшу міндеті тұр. Біз деректердің дәйектігін арттыру және статистикалық ақпаратты алуды ыңғайлы қылу мақсаттарына басымдық бере отырып, өз қызметімізді одан әрі жақсартатын боламыз», – дейді Бюро басшысы Жандос Шаймарданов.
ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы салаға қатысы бар барлық маманды және халықаралық статистика офистерін бүгінгі мерекемен құттықтайды. Алға қойған мақсаттарыңыз жүзеге асып, жұмыстарыңыз ілгері баса берсін.
Айта кетейік, Қазақстанда статистика күні 8 қарашада, 1920 жылы ел аумағында статистика басқармасы құрылған күні атап өтіледі.