Астанада «Ресми статистикадағы коммуникациялар» атты үш күндік оқыту семинары басталды

Астанада «Ресми статистикадағы коммуникациялар» атты үш күндік оқыту семинары басталды

Осы күндері Астанада мемлекеттік органдар мен БАҚ өкілдері үшін ресми статистиканы өз жұмысында пайдалану реті бойынша арнайы оқыту өткізіліп жатыр. Семинар барысында қатысушылар шешім қабылдау үшін ресми статистиканы пайдаланудың қолданыстағы тәсілдерімен танысады.

Бюро басшысы Жандос Шаймарданов семинардың ашылу салтанатында статистикалық ақпаратты өндірушілер мен тұтынушылар арасында тиімді байланыс орнатудың маңыздылығын атап өтті.

«Бюро статистикалық деректерді тек жариялау үшін ғана емес, оның соңғы тұтынушыға жетіп, пайдасына асу үшін шығарады. Біз мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастықтың және азаматтардың пікірлері мен ұсыныстарын ескере отырып, келесі жылға арналған жұмыс жоспарымызды жаңарттық. Әрбір тарап статистикалық деректерді қалыптастыруға тікелей әсер ететіндіктен, біз олардың әрқайсысының статистиканың қалай қалыптасатынын және олардың қалай таралатынын түсінуіне мүдделіміз. Технологияның дамуымен коммуникацияларды құруға арналған құралдар да көбейіп келеді. Пайдаланушылар ыңғайлылығы және олардың статистикалық ақпаратқа сенімін арттыру үшін біз оларды өз жұмысымызға енгізуге дайынбыз», — деді Бюро басшысы.

Қазақстандағы БҰҰ-ның Қазақстандағы әйелдер құрылымының өкілі Мария Доценко бюро жұмысын жоғары бағалап, барлық бағыттар бойынша бірлескен жобаларды қолдауға дайын екенін айтты.

«Біз аймақтық және жаһандық деңгейде тарататын Бюро статистикасын белсенді түрде қолданамыз. 2015 жылы Ұлттық статистика бюросымен табысты ынтымақтастығымыздың нәтижесінде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық бойынша сауалнама жүргізілді. Биыл біз жаңа ұлттық зерттеу жүргізуге дайындалып жатырмыз. Бұл зерттеу жаңартылған әдістеме бойынша және Гендерлік зорлық-зомбылықпен күрес жөніндегі жаһандық коалиция шеңберіндегі Қазақстанның міндеттемелерін орындау шеңберінде жүзеге асырылуда. Бұл да Қазақстан үшін өз қызметінің нәтижелерін аймақтық қана емес, сонымен қатар жаһандық деңгейде көрсету мүмкіндігі», - деді Мария Доценко.

Семинарда қатысушылар ресми статистиканың таратылу жолдарымен танысып, мемлекеттік органдар мен журналистерді статистикалық мәліметтермен қамтамасыз етудегі өзге елдердің озық тәжірибесін зерделейді. Семинардың соңында Бюроның коммуникациялық стратегиясының жобасы дайындалады деп күтілуде.

Семинар Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық Экономикалық Комиссиясы (БҰҰЕЭК), ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросымен және БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰ ДБ) ұйымдастыруымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Шотының қаржылай қолдауымен өткізілді.