Бюроның кезекті алқа отырысында жаңадан құрылған облыстардағы аумақтық департаменттердің жабдықталуы талқыланды

Бюроның кезекті алқа отырысында жаңадан құрылған облыстардағы аумақтық департаменттердің жабдықталуы талқыланды

Ұлттық статистика бюросының кезекті алқа отырысында әдіснамалық базаны жетілдіру, ішкі процестерді цифрландыру және жобалық тәсілді енгізу мәселелері де талқыланды. Бюро басшысы Жандос Шаймардановтың төрағалығымен өткен отырысқа аумақтық департаменттердің, ведомстволық бағынысты ұйымның басшылары және бюроның орталық аппараты департаменттерінің директорлары қатысты.

Кездесуде сөз сөйлеген Бюро басшысы деректерді жинаудың, сапасын бақылаудың және оларды толық цифрландырудың жаңа процестерін қайта қарауға және құруға мүмкіндік беретін деректерді басқару саясатын енгізудің маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Біз үшін ең бастысы – пайдаланушыларды қажетті статистикалық ақпаратпен қамтамасыз ету. Сондықтан біз деректердің сапасын арттыруымыз керек. Аталған саясат деректер құндылығы пирамидасын құруға, деректер экожүйесіне қатысушылардың рөлін анықтауға және міндеттемелерін ажыратуға мүмкіндік береді», – деді Бюро басшысы.

Бюро қызметкерлерінің біліктілік мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бүгінгі таңда әртүрлі талдау құралдарын, бағдарламалау тілдерін пайдаланудың қажеттілігі жоғары. 500-ден астам қызметкер деректермен жұмыс істеу курстарынан өтті. Алдағы уақытта қызметкерлердің біліктілігін арттыру мәселелерімен айналысатын құзыреттер орталығын құру жоспарланған.

Сондай-ақ, алқа отырысы барысында Жетісу, Абай және Ұлытау облыстарында құрылған аумақтық департаменттерді жарақтандыру мәселелері талқыланды. Өңір өкілдері ұйымдастыру жұмыстары мен кадрлық қамтамасыз ету жөнінде баяндама жасады. Бүгінгі таңда жаңадан құрылған бөлімшелерде бос лауазым орындарын толтыру мәселесі өзекті болып тұр.

Кездесу барысында бюрода жобалық тәсілді енгізу, сондай-ақ фронт-офистерді құру және орталықтандырылған баспа сервисін енгізу бойынша баяндамалар да тыңдалды.