
Деректердің жалпы мақсатты архитектурасын мемлекет деңгейінде қалыптастыру статистикалық ақпараттың барлық пайдаланушысына тексерілген мәліметтерді ұсынуға мүмкіндік береді. Бұл туралы жыл сайынғы «Persona Non Data» конференциясында Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов айтып берді.
Оның айтуынша, бүгінде Бюро деректердің архитектурасын жаңарту бойынша ішкі жұмыстар жүргізіп жатыр. Сондай-ақ ҚР ЦДИАӨМ-мен бірлесіп, оның мемлекеттік деңгейдегі үлгісін құру мәселесін қарастыруда. Мұнда ақпараттық базаларды иеленетін және жүргізетін еліміздің барлық мемлекеттік органының data-каталогтары, метадеректері, әртүрлі анықтамалықтары біріздендірілетін болады.
«Біз деректерді басқару саясатының тұжырымдамасын әзірлеп жатырмыз, онда деректер архитектурасы мәселесі де қамтылатын болады. Әлемдік тәжірибеде оны құрудың бірнеше мысалы бар. Бұл орталық, әртарапты және гибридті модельдер. Біз бұлардың ішінен ең тиімдісін қарастырып, нарықтың барлық қатысушыларына ұсынатын боламыз», – деді конференцияда бюро басшысы.
Сонымен қатар спикер деректерге деген сұраныс болуы үшін data-сауаттылық бағытын дамыту маңыздылығын атап өтті. Бүгінде Бюро барлық мүдделі тұлғаға деректермен жұмыс істеу бойынша курстардан өтуге мүмкіндік беретін жобаны қолға алды.
Бюро басшысының баяндамасын мына сілтемеден көруге болады