
Тіркелімдер статистикалық есептің заманауи тиімді құралы және негізі болып есептеледі. Олар нысан мен есепке алу бірліктеріне байланысты әр түрлі болуы мүмкін. Әрбір тіркелім түрінің бірыңғай статистика жүйесінде белгілі орны мен мақсат, міндеттері бар. Статистикалық тіркелімдердің деректері қарапайым және күрделі статистика көрсеткіштерін есептеу кезінде пайдаланылады, бұл субъектілердің немесе тұрғын үй қорының даму динамикасы, халық саны, санақ дайындығына байланысты деректер болуы мүмкін.
Статистикалық тіркелімдер неғұрлым толыққанды статистиканы әзірлеуге мүмкіндік береді. Мысалы, деректерді облыстар, аудандар, экономикалық қызмет түрлері, меншік нысандары және басқа да белгілер бойынша жіктеп көруге болады.
ҚР «Мемлекеттік статистика туралы» Заңына сәйкес, Ұлттық статистика бюросы статистикалық тіркелімдердің келесі түрлерін жүргізеді:
Олардың әрқайсысына тоқталайық.
Статистикалық бизнес-тіркелім (СБТ) Қазақстанның ресми статистикасының ажырамас құрамдас бөлігі болып табылады және экономикалық статистика саласында негізгі орын алады. Ол статистикалық бақылауларды ұйымдастыру және үйлестірудің ең тиімді құралы болып танылған. Онда Қазақстан аумағында тіркелген дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар, олардың оқшауланған бөлімшелері туралы ақпарат қамтылған.
Бизнес-тіркелім ҚР Әділет министрлігінің «Заңды тұлғалар» мемлекеттік деректер қорынан және салық органдарынан келіп түсетін мәліметтер негізінде қалыптастырылады. Одан әрі өзектендіру әкімшілік дереккөздерден (мемлекеттік органдар мен ұйымдардың дерекқорынан) келіп түсетін және статистикалық нысандарда (сауалнамалар, статистикалық нысандар) ұсынылған ақпарат негізінде жүргізіледі.
Осылайша бұл тізілімнен біз тіркелген және жұмыс істейтін заңды тұлғалар санын, олардың басым бөлігі қай аймақта екенін, меншік формасын, тіпті басшыларының жасы сияқты деректерді біле аламыз.
stat.gov.kz сайтының Заңды тұлғаны немесе дара кәсіпкерді іздеу сервисінде ҚР «Мемлекеттік статистика туралы» заңының 8-бабының 4-тармағына сәйкес, құпия болып табылмайтын ақпарат (заңды тұлға басшысы, заңды мекенжайы, ЭҚЖЖ коды және т.б.) қолжетімді.
Халықтың статистикалық тіркелімі (ХСТ) ел аумағында тұратын жеке тұлғалар, сондай-ақ шетелде уақытша жүрген Қазақстан азаматтары туралы ақпаратты қамтиды.
Ол пайдаланушыларды елдің әлеуметтік-демографиялық жағдайы туралы статистикалық ақпаратпен қамтамасыз етеді. Тіркелім басқа мемлекеттік органдардан келіп түсетін мәліметтер, яғни әкімшілік дереккөздер (туу/қайтыс болу оқиғалары, некеге тұру/ажырасу, халық көші-қоны, әлеуметтік мәртебелері бойынша Мемлекеттік органдардың деректер базасы) негізінде қалыптастырылады.
Яғни, осы тізілім негізінде біз, мысалы, қанша баланың туылғанын, анасының ұлты мен жасын, оның білім деңгейін, баланың туған реттік санын және т.б. мәліметтерді біле аламыз.
Ауыл шаруашылығы статистикалық тіркелімі (АШТ) – ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін субъектілерді статистикалық есепке алу құралы. Ол ауыл шаруашылығы саласында статистикалық бақылаулар жүргізуге және пайдаланушылардың әртүрлі топтарына осы сала бойынша тиісті ақпарат алуға мүмкіндік береді. Мұнда деректер статистикалық бизнес-тіркелім, шаруашылық есепке алу мәліметтері және әкімшілік көздер тарапынан алынады.
Аталған тіркелімнің көмегімен біз қай аймақта ауыл шаруашылық құрылымдары көп екенін, олар қандай өнімдер өсіретінін, өндіретінін және т.б. жайттарды біле аламыз.
Тұрғын үй қорының статистикалық тіркелімі (ТҚСТ), ол тұрғын үй қорының статистикасы және үй шаруашылықтарын зерттеу бойынша іріктемелерді қалыптастыруға көмектесетін тұрғын үйлер мен тұрғынжайлар (пәтерлер) бойынша деректерді қамтитын тіркелім. Мұндағы ақпарат әкімшілік дереккөздерден және үй шаруашылықтарын іріктеу зерттеулерінен де алынады.
Бұл тіркелімнің мәліметтерінен біз белгілі бір аймақта қанша ескі үйлер барын, олар қандай материалдан салынғанын, 2 бөлмелі қанша пәтер бар екенін және т.б. мәліметтерді біле аламыз.
ҚР Ұлттық статистика бюросы ТМД кеңістігінде бірінші болып статистикалық ақпаратты қалыптастыруға болатын 3 негізгі статистикалық тіркелімді (СБТ, ХСТ және ТҚСТ) жүргізе бастады. Осы тіркелімдерді іске асыру кезінде ЕО елдерінің (негізінен Скандинавия елдерінің) халықаралық тәжірибесі пайдаланылды. Алдағы уақытта Бюро санақтың тіркелім түріне толыққанды өту үшін аталған тіркелімдерді қосымша деректермен толықтыруды және мазмұнын байытуды жоспарлап отыр.