«1С» бухгалтерлік бағдарламасын пайдаланушылар статистикалық есептерді толтырмай тапсыра алады

«1С» бухгалтерлік бағдарламасын пайдаланушылар статистикалық есептерді толтырмай тапсыра алады

         Ұлттық статистика бюросы Респонденттің жеке кабинетін «1С-Бухгалтерия» бағдарламалық кешенімен интеграциялау жұмыстарын жүргізді. Енді респонденттерге статистикалық нысандарды қолмен толтырмауына болады. «1С-Бухгалтерияға» қосымша компонентті жүктеу ғана талап етіледі, ол қажетті есепті автоматты түрде қалыптастырады. Бұдан әрі stat.gov.kz. сайтында респонденттің жеке кабинетінде осы файлды жүктеп алу қажет.

         «Біз есеп беру жүйесін автоматтандыруды сұраған респонденттеріміздің өтініштерін назарға алдық. Осылайша, әр түрлі ақпараттық жүйелерде есепті енгізуді қайталаудың қажеті жоқ, сіз тек бір жүйеден есепті түсіріп, дайын файлды екіншісіне жүктеуіңіз қажет. Бүгінгі күні есепті 1-КО нысаны бойынша ғана тапсыруға болады. Бұл ай сайын өте көлемді және уақытты қажет ететін есеп. Алдағы уақытта басқа да статистикалық есептерді автоматтандыру мәселелері пысықталатын болады», - дейді ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросының «Ақпараттық-есептеу орталығы» ШЖҚ РМК директоры Ержан Мәлімбаев.

         8-ші нұсқадан төмен емес «1С-Бухгалтерия» бағдарламасын пайдаланатын кәсіпорындар есептерді қалыптастыру үшін компоненттерді пайдалана алады. 60 күн бойы алғашқы кіру тегін.

 

Анықтама үшін:

         1-КО-бұл Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен тауарлардың өзара саудасы туралы есеп. Оны ЕАЭО елдерімен экспортты және (немесе) импортты жүзеге асыратын заңды тұлғалар және (немесе) олардың құрылымдық және оқшауланған бөлімшелері, дара кәсіпкерлер, сондай-ақ жеке тұлғалар ұсынады.