
2022 жылғы 20-22 маусым аралығында Женева қаласында БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы өңірлерінің 57 елінен статистикалық ведомстволар басшысының қатысуымен Еуропалық статистиктер конференциясының (КЕС) 70-ші пленарлық сессиясы өтті.
Статистикалық ведомстволар деректерді жинаудың, оларды мазмұнды және пайдалы статистикаға түрлендірудің озық әдістері мен технологияларымен, статистикалық деректердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы статистикалық қызметті жаңғырту жөніндегі тәжірибелерімен және ойларымен бөлісті.
Қатысушылар 1992 жылы БҰҰ ЕЭК-тың саяси деңгейде қабылдаған ресми статистиканың басшылыққа алған қағидаттарының маңыздылығын атап өтті. 30 жыл уақыт өтсе де бұл қағидаттар шешім қабылдау үшін бейтарап, өзекті және нақты ақпарат бере отырып, статистердің қоғам пайдасына қызмет етуге үндейтін басты құжат болып қала береді.
ҚР Ұлттық статистика бюросы қағидаттарды қолдайтынын растай отырып, Қазақстанның Ұлттық статистика жүйесіне статистика саласындағы халықаралық және еуропалық стандарттарға сәйкестігі тұрғысынан жаһандық бағалау жүргізуді ұсынды. Бастама қолдау тауып, келесі жылдың басында БҰҰ ЕЭК қазақстандық статистика жүйесіне жаһандық бағалау жүргізетін болады.
Қазақстандық статистикалық ведомство бірнеше жылдың ішінде БҰҰ ЕЭК-пен бірлесіп, ұлттық шоттар жүйесі, экологиялық статистика, кедейлік статистикасы, гендерлік статистика, статистикалық жіктеулер мен тіркелімдер, демографиялық статистика және т. б. салалардағы статистикалық әлеуетті арттыруға бағытталған жобаларды жүргізді.
Сондай-ақ осы күндері Женевада ЭЫДҰ статистика және статистикалық саясат Комитетінің 19-шы отырысы өтті. Қазақстан 2016 жылдан бастап аталған Комитеттің қатысушысы. Бюро ЭЫДҰ-мен бірлесіп, «Қазақстанда жасыл өсім индикаторларын енгізу және жасыл өсім жөніндегі Баяндаманы дайындау», «Экологиялық-экономикалық есепке алу жүйесін енгізу 2012» жобаларын іске асырды.
Алдағы 3 жыл ішінде ЭЫДҰ-ның статистикалық саясат комитеті Қазақстанның статистикалық жүйесіне терең шолу жүргізіп, оның қорытындысы бойынша Қазақстанды комитеттің қауымдастырылған мүшесі ретінде қабылдау туралы шешім шығаратын болады.
Анықтама:
БҰҰ ЕЭК – статистика саласында шешім қабылдайтын жоғары орган, онда статистикалық стандарттар келісіліп, қабылданады және статистиканың жаңа бағыттары айқындалады.
ЭЫДҰ-ның статистика және статистикалық саясат комитеті - ЭЫДҰ-ның статистика саласындағы негізгі жұмыс органы, басты мақсаты - жоғары сапалы, халықаралық деңгейде салыстырылатын деректер негізінде саясатты әзірлеуді қолдау, сондай-ақ осы статистикалық ақпаратты барлық мүдделі пайдаланушыларға жеткізу, 2004 жылы құрылған.