
Ұлттық статистика бюросы студенттердің академиялық дайындығын арттыру, ғылыми зерттеулерді дамыту және қызметкерлердің кәсіби өсуін қамтамасыз ету мақсатында жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты жалғастырып нығайтуда.
Жұмыс сапары аясында Бюро өкілдері Алматы қаласы мен Жетісу облысының бірқатар жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Атап айтқанда, Сүлеймен Демирел атындағы университетпен (SDU), Алматы Менеджмент Университетімен (AlmaU) және Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетімен (Zhetysu University) келісімдер жасалды.
Ынтымақтастықтың мақсаты – жас мамандарды даярлау, білім және тәжірибе алмасу, бірлескен зерттеулер жүргізу және студенттердің нақты деректермен жұмыс істеу дағдыларын дамыту. Студенттер Бюро базасында тәжірибеден өтіп, өзекті статистикалық материалдармен жұмыс істеп, аналитикалық жобаларға қатыса алады.
Кездесу барысында адами ресурстарды дамыту департаментінің директоры Арсен Жақыпов пен осы департаменттің персоналды мотивациялау және дамыту басқармасының басшысы Әсел Күзембай Data Literacy Hub атты білім беру платформасын таныстырды. Бұл платформа статистика және деректерді талдау бойынша онлайн курстарға қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесіне ерекше назар аударылды.
Бюро өкілдері мемлекеттік органдағы мансап құру мүмкіндіктері және кәсіби даму болашағы туралы ақпарат берді.
Қол қойылған меморандумдар Бюро мен білім беру мекемелері арасындағы ынтымақтастықтың, сондай-ақ жастардың аналитикалық әлеуетін дамытудағы маңыздылығын көрсетеді.