Ұлттық статистика бюросы ресми статистикалық ақпарат пайдаланушыларымен онлайн сессия өткізді

Ұлттық статистика бюросы ресми статистикалық ақпарат пайдаланушыларымен онлайн сессия өткізді
Ұлттық статистика бюросы кезекті онлайн сессия өткізіп, ресми статистика пайдаланушыларына www.stat.gov.kz сайтында деректермен жұмыс істеу мүмкіндіктері жөнінде айтып берді. 
 
Кездесу барысында қатысушылар Бюро сайтының функционалымен, жарияланым түрлерінің ерекшеліктерімен және қажетті деректерді іздеу әдістерімен танысты. Әсіресе, сыртқы және өзара сауда статистикасы, сондай-ақ өлім-жітім статистикасы тақырыптарына ерекше назар аударылды. Бұл бағыттар бойынша деректерді жинау, өңдеу және ұсыну әдістері түсіндірілді. 
 
Сонымен қатар тыңдаушыларға иесіздендірілген (деидентификацияланған) статистикалық деректерді алу тәртібі туралы ақпарат берілді. Бүгінде мұндай деректер ғылыми мекемелер, халықаралық ұйымдар және жоғары оқу орындарына ұсынылады. Өтінім беру үшін Бюро сайтындағы «Пайдаланушының жеке кабинеті» бөліміне кіріп, авторизациядан өту қажет. Деректерді алу тәртібі және тіркелген пайдаланушылар тізімі туралы толық ақпарат «Зерттеушілерге» бөлімінде қолжетімді. 
 
Бюро ұйымдастырып отырған онлайн сессиялар статистикалық ақпараттың ашықтығын, қолжетімділігін арттыруға және елдегі зерттеу қызметін қолдауға бағытталған.