Астанада өткен алғашқы ұлттық BaiQymyz гастрофестивалі аясында Ұлттық статистика бюросы 1 тамызда басталатын ауыл шаруашылығы санағына арналған ақпараттық стенд ұйымдастырды.
Келушілер мамандардан кеңес алып, сұрақтарын қойып, санаққа қатысу тәртібімен жан-жақты танысу мүмкіндігіне ие болды. Бюро өкілдері ауыл шаруашылығы санағының мақсаттары мен міндеттері туралы айтып берді. Бұл науқан елдің барлық өңірін қамтитын болады.
Ауыл шаруашылығы санағы жер пайдалану құрылымы, шаруашылық жүргізу формалары, мал басының саны, ауыл шаруашылығы техникасының болуы және саланың басқа да маңызды көрсеткіштері туралы өзекті деректерді жинауға мүмкіндік береді.
Жиналған ақпарат мемлекеттік аграрлық саясатты қалыптастыруға, фермерлерді қолдау жүйесін дамытуға және ресурстарды тиімді бөлуге негіз болады.
BaiQymyz гастрофестивалі Қазақстанның барлық өңірінен 50-ден астам қымыз өндірушісінің басын қосты. Қонақтар ұлттық сусынды татып көріп, оның дәстүрлі дайындау технологиясымен танысып, қазақтың ұлттық тағамдарын, қолөнер жәрмеңкесін және фольклорлық қойылымдарды тамашалады.