Бюро қызметкерлері «Үздік мемлекеттік қызметші» марапатына ие болды

Бюро қызметкерлері «Үздік мемлекеттік қызметші» марапатына ие болды
Бүгін Бюрода Мемлекеттік қызметші күніне орай салтанатты жиын өтіп, мемқызметке енді тұрған қызметкерлер ант қабылдады, сондай-ақ бірқатар маман марапатқа ие болды. 
 
Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаев әріптестерін кәсіби мерекесімен құттықтап, ведомстволық награданы табыс етті. Құттықтау сөзінде ол еліміздің тұрақты дамуы үшін мемлекеттік қызметтің ерекше маңыздылығын атап өтті.
«Мемлекеттік қызмет жоғары кәсіби дайындықты, адалдықты және ел игілігі үшін тынбай еңбек етуді талап етеді. Сіздер ұлттық статистиканы дамытуға, қоғамды сапалы әрі шынайы деректермен қамтамасыз етуге үлес қосып келесіздер. Сіздерге денсаулық, отбасына амандық және қызметте табысқа жете беруіңізді тілеймін» – деді М.Тұрлыбаев. 
Іс-шара барысында Бюроның 14 қызметкері жұмыстағы жоғары жетістіктері, бастамашылдығы және кәсіби міндеттерін мінсіз орындағаны үшін алғыс хаттармен марапатталды. «Үздік мемлекеттік қызметші» құрметті төсбелгісін көп жылғы адал еңбегі, қызметтік міндеттерін үлгілі орындауы және статистика саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Астана қаласы бойынша Департамент басшысының орынбасары Камила Жарқымбаева, Экономикалық баланстар басқармасының басшысы Айнұр Нұрсұлтанова және Стратегиялық даму, процестерді және бақылау жүйелерін реинжинирингтен өткізу басқармасының бас сарапшысы Гүлнар Айбасовалар алды. 
 
Статистика ардагері – Өндірістік сала мен қызметтер бағасы статистикасы басқармасының басшысы Любовь Шемякинаның еңбегі ерекше бағаланды. Көп жылғы адал еңбегі мен мемлекеттік қызметті дамытуға қосқан жеке үлесі үшін ол «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісімен марапатталды.