V Азия Пара ойындарында пара жүзуден ерлер арасында SB4 санаты бойынша 100 метрге брасс әдісімен жүзу финалында Қазақстан спортшысы Әли Тұрғанбеков 1:44.26 секунд нәтижесімен күміс медаль иеленді.
1-орын: Мұхаммад бин Зулкафли (Малайзия) — 1:41.44
2-орын: Әли Тұрғанбеков (Қазақстан) — 1:44.26
3-орын: Рохит Кумар (Үндістан) — 1:57.25
24 қазан мен 1 қараша аралығында Астанада грек-рим, еркін және әйелдер күресінен әлем чемпионаты өтеді. Әлемнің үздік балуандары бас қосатын дүбірлі дода елордадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде ұйымдастырылады. Бұл – биыл Қазақстан қабылдайтын олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлемдік деңгейдегі ең ірі жарыстардың бірі.
Тоғыз күнге созылатын чемпионатқа әлемнің 135 елінен 900-ден астам балуан қатысады деп күтілуде. Олардың қатарында Олимпиада чемпиондары, әлем біріншіліктерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар.
Атап айтқанда, Астана төрінде Абдулрашид Садулаев, Кайл Снайдер, Хасан Яздани, Ахмед Тажудинов, Юи Сусаки, Хелен Марулис, Акжол Махмудов, Рыза Каяалп, Моэ Киёок, Амирхоссейн Заре және Хади Сарави сынды Олимпиада және әлем чемпионаттарының жеңімпаздары және жүлдегерлері өнер көрсетеді деп жоспарланған. Ал Қазақстан құрамасының сапында әлем чемпиондары Ризабек Айтмұхан, Нұрқожа Қайпанов және Айдос Сұлтанғали бастаған отандық спортшылар ел намысын қорғайды.
Айта кетейік, Астана 2019 жылы да күрестен әлем чемпионатын қабылдаған болатын. Араға жеті жыл салып, әлемдік дода қайтадан елордаға оралып отыр. Бұл еліміздің ірі халықаралық жарыстарды өткізу тәжірибесін арттырып қана қоймай, отандық күрестің дамуына және жас спортшылардың осы спорт түріне қызығушылығын күшейтуге ықпал етеді.
Қазіргі уақытта чемпионатқа дайындық жұмыстары жүргізілуде. Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, Қазақстан күрес федерациясы және Біріккен күрес әлемі (UWW) ұйымы жарысты жоғары деңгейде өткізу үшін бірлесіп жұмыс атқаруда. Спортшылар мен шетелдік делегацияларды қарсы алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жарыс өтетін нысанды дайындау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде.
Мұндай ауқымды жарыстар Қазақстанның спорттық жетістіктерін әлемге танытумен қатар, еліміздің туристік әлеуетін арттыруға да мүмкіндік береді. Чемпионатқа келетін шетелдік спортшылар, жаттықтырушылар мен жанкүйерлер Астананың көрікті жерлерін аралап, еліміздің мәдениетімен таныса алады. Бұл елордаға келетін туристер санын арттыруға және Қазақстанды халықаралық спорттық жарыстар өтетін маңызды орталықтардың бірі ретінде танытуға ықпал етпек.
Әлем чемпионатының ресми бойтұмары ретінде қыран бейнесіндегі «Мұзбалақ» таңдалған. Жарыстың негізгі бәсекелері Qazsport телеарнасынан көрсетіледі. Ал чемпионат кестесі мен билеттер туралы толық ақпарат Қазақстан күрес федерациясының ресми сайтында жарияланған.
Бүгін Жапонияның Айти-Нагоя қаласында өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында пара жүзуден ерлер арасында S10 клпссы бойынша 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзу финалында Қазақстан спортшысы Диас Кенжебек 1:05.50 секунд нәтижесімен қола медаль иеленді.
Жапонияда өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасы тарихи нәтижеге қол жеткізді. Отандық пара спортшылар жарыстың алғашқы үш күнінде 10 алтын медаль жеңіп алып, Азия Пара ойындарындағы бұрынғы үздік көрсеткішін жаңартты. Қазіргі уақытта ұлттық құраманың қоржынында 32 медаль бар. Оның 10-ы алтын, 10-ы күміс және 12-сі қола.
Ел қоржынына алтын жүлделерді пара нысана көздеуден Еркін Ғаббасов, пара пауэрлифтингтен Давид Дегтярев, пара дзюдодан Ибрагим Нұрмаханұлы, Бексұлтан Құлмырза, Ақтолқын Сейілбекова, Зарина Раифова, Шукурбеков Журқамырза, пара жүзуден Диас Кенжебек, пара велоспорттан Наиль Ермұханбет пен Анастасия Калаус салды.
Бұған дейін Қазақстан құрамасының ең жоғары нәтижесі 2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен IV Азия Пара ойындарында тіркелген еді. Ол кезде отандық спортшылар 8 алтын, 12 күміс және 21 қола медаль иеленіп, жалпы саны 41 жүлдеге қол жеткізген. Осылайша, биыл ұлттық құрама алтын медаль саны бойынша бұрынғы рекордты жаңартып, ел спортының тарихында жаңа белеске көтерілді.
Бүгінгі жарыс күні әлі аяқталмағанын және алда бірнеше жарыс күні бар екенін ескерсек, спортшылардың жүлде қоржынын одан әрі толықтыруға мүмкіндігі мол.
Бұл жетістік елімізде пара спорттың қарқынды дамып келе жатқанын және спортшыларымыздың халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігінің артқанын көрсетеді.
Тарихи нәтиже спортшылар мен жаттықтырушылардың қажырлы еңбегінің, сондай-ақ пара спортты дамытуға бағытталған жүйелі мемлекеттік қолдаудың жемісі.
Айта кетейік, биылғы Азия Пара ойындарында Қазақстан намысын 150 спортшы қорғап жатыр. Жарыс 24 қазанға дейін жалғасады.
Қазақстанда пара спортты дамыту және мүгедектігі бар спортшыларды қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, спорт саласындағы заңнамалық өзгерістер спортшыларды халықаралық жарыстарда сүйемелдеуге және сүйемелдеушілердің шығындарын қаржыландыруға мүмкіндік берді. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің басқарма басшысы Марат Қаскербаев айтып берді.
«Бүгінде Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары Жапонияда өтіп жатқан Азия Пара ойындарында ел намысын қорғап жатыр. Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын додаға қатысатын отандық спортшылардың саны артып келеді. Атап айтқанда, IV Азия Пара ойындарында еліміздің атынан 131 спортшы өнер көрсетсе, биылғы бәсекеде 150 спортшы бақ сынауда. Бұл көрсеткіштер елімізде пара спорт түрлерінің қарқынды дамып келе жатқанын және спортшыларға жасалып жатқан мүмкіндіктердің кеңейе түскенін көрсетеді. Әрине, мұндай нәтижелерге қол жеткізуде мемлекеттің жүйелі қолдауы ерекше рөл атқарады. Осы бағытта 2025 жылы Министрлік «Дене шынықтыру және спорт туралы» заң жобасын әзірледі. Құжатқа «мүгедектігі бар спортшыны сүйемелдеуші» ұғымы енгізілді. Жаңа заңнамалық нормалар сүйемелдеушілердің халықаралық жарыстарға қатысуына байланысты шығындарды қаржыландыруға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде биылғы Азия Пара ойындарына ұлттық құрама спортшыларымен бірге 37 сүйемелдеуші қатысып жатыр. Олар спортшылардың жарыстарға дайындалуына, халықаралық додаларға қатысуына және қажетті қолдау алуына жан-жақты көмек көрсетуде», – деді Марат Қаскербаев.
Жұрқамырза Шүкірбеков пара дзюдодан J2 санатында +95 кг cалмақта ирандық Кхеироллахзаден Варзи Мохаммад Резаны жеңіп, жарыс чемпионы атанды.
Зарина Райфова пара дзюдодан J2 санатында +70 кг салмақ дәрежесінде Азия Пара ойындарында айналмалы жүйе бойынша жарыс жеңімпазы атанды.
Іріктеу кезеңінде Зарина Райфова қытайлық Ванг Пинг , үндістандық Димпл және Өзбекстан спортшысы Махинур Пармонова мен Хабиба Джураеваны иппонмен ұтып, жеңіске жетті.
Ерлер арасындағы W1 класы бойынша жұптық сында қазақстандық спортшылар Темірлан Сейітқамал мен Нұршат Төлеуқасым финалда Қытай құрамасымен кездесті. Шешуші бәсекеде қарсылас команда 6:0 есебімен жеңіске жетіп, Қазақстан спортшылары күміс жүлдегер атанды.
Финалдық кездесудің үш сеті 37:31, 35:32 және 37:35 есебімен Қытай құрамасының пайдасына аяқталды.
21 қазанда Жапонияда өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары пара велоспорттан үш медаль жеңіп алды. Ел қоржыны екі алтын және бір күміс жүлдемен толықты.
Ерлер арасында B класында 20 шақырымдық жеке уақытқа жарысуда Наиль Ермуханбет пен оның пилоты Руслан Алиев 34 минут 09,17 секунд нәтижемен бірінші орын алып, Азия Пара ойындарының чемпионы атанды.
Осы жарыста Кирилл Илюкевич пен оның пилоты Глеб Брусенский 35 минут 26,64 секунд нәтижемен күміс медаль жеңіп алды.
Әйелдер арасында B класында өткен жеке уақытқа жарысуда қазақстандық А. Калаус пен оның пилоты П. Братчикова алтын медаль иеленді. Қазақстандық экипаж 32 минут 21,54 секунд нәтижемен мәреге бірінші болып жетті.
Екінші орынды Өзбекстан спортшылары 32 минут 45,82 секунд нәтижемен иеленсе, Сингапур өкілдері 34 минут 31,92 секунд көрсеткішпен қола жүлдегер атанды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы пара велоспорттан үш жүлде жеңіп алып, V Азия Пара ойындарындағы медальдар санын арттырды.